1 МАУСЫМДА АСТАНАНЫҢ ЖАҢА ВОКЗАЛЫ МЕН ӘУЕЖАЙ ТЕРМИНАЛЫ АЛҒАШҚЫ ЖОЛАУШЫЛАРДЫ ҚАБЫЛДАЙДЫ

 Бұл туралы Үкімет үйінде Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын іске асыру жұмыстарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.

«Мамыр айының екінші он күндігінде, шамамен 15-і күндері, екі нысанның да құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады. Он шақты күн ішінде тестілік сынақ жұмыстары жүргізіледі, вокзалда да, әуежайда да алғашқы жолаушыларды 1 маусым күні қабылдаймыз деп жоспарлаудамыз», - деді Ж. Қасымбек.

«Биыл біз пилоттық режимде елордаға «ашық аспан» жүйесін енгіздік, яғни әлемнің кез-келген жерінен аптасына жиілігі жеті рет, кез-келген әуе компаниясы Астанаға қатынай алады», - деді министр. Бұл ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесін өткізуге орайластырылған, дегенмен егер жоба сәтті жүзеге асса, әрі қарай да жалғасын таппақ.

Сонымен қатар, министр жаңа әуежайдың үлкен жолаушылар легін қабылдайтын мүмкіндігі болатынын айтты. Министр, сондай-ақ, жаңа бағыттар мен қосымша жиіліктер туралы айтып берді. «Қазір бізде осы айда жаңа төрт бағыт: Варшава, Хельсинки, Будапешт, Пекин бойынша рейстерді ашу туралы нақты жоспарлар бар», - деді ол.

«Жалпы ЭКСПО кезеңінде қосымша 300 мың шетелдікті, Қазақстан өңірлерінен - 160 мың қонақты қабылдау жоспарымызда бар», - деп сөзін түйіндеді спикер. 

Air China алғаш рет Пекиннен Астанаға қатынайтын болады. Бұған дейін тек Air Astana ұшқан болатын. 

Бұдан өзге, аптасына тағы қосымша 11 жиілік енгізіледі, мысалға: Лондон, Сиань, Пекин.

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3526