2016-2026 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ЕУРОПА – КАВКАЗ - АЗИЯ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨЛІКТІК ДӘЛІЗІН ДАМЫТУ БОЙЫНША СТРАТЕГИЯ ҚАБЫЛДАНДЫ

 

2016 жылғы 1 маусымда Одесса қаласында он екінші Үкіметаралық ТРАСЕКА комиссиясының отырысы өткізілді. Отырыстың жұмысы барысында «Еуропа – Кавказ - Азия дәлізін дамыту бойынша халықаралық көлік туралы негізгі көпжақты келісімнің» (НКК) тараптарының өкілдері, халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының тарапынан Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы қатысты.

Үкіметаралық отырыс шеңберінде ТРАСЕКА халықаралық көлік дәлізін дамыту, халықаралық автомобиль көлігімен тасымалдауды дамыту Концепциясын жүзеге асыру шаралары, ТРАСЕКА автомобиль көлігімен бағыттардың тартымдылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері қаралды.

Сонымен бірге, тараптардың 2021 жылға дейін ТРАСЕКА аумақтық қимыл стратегиясының шараларын теңізде жүзу мен қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді орындау жүрісі талқыланды.

Үкіметаралық отырыстың өзекті мәселелерінің бірі болып 2016-2026 жылдарға арналған Еуропа – Кавказ - Азия халықаралық көліктік дәлізін дамыту бойынша стратегияны қабылдау болды.

Стратегия дәліздің көліктік әлеуетін толықтай көлемде пайдалана отырып, жүктің үзіліссіз және кедергісіз қозғалысына мүмкіндік туғызуға, ТРАСЕКА дәлізін басқа халықаралық көлік дәліздеріне маңызды балама дәліз ретінде рөлі мен функциясын ұлғайтуды қарастырады.

Қазақстан Республикасында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында, Транскаспийлік бағытты одан әрі дамыту мақсатында 2015 жылы кең ауқымда инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру басталғанын атап өту керек.

Сонымен қатар,  Қазақстанның теңіз порттарының өткізу қабілетін арттыру мақсатында Ақтау портында жаңа үш құрғақ жүк терминалы салынды және Құрық портындағы паромдық кешеннің құрылысы жүріп жатыр. 2020 жылға дейін порттардың өткізу қабілетін жылына 25 млн. тоннаға дейін арттыру жоспарланған.

Сондай-ақ, салынып жатқан паромдық терминалды теміржол магистралімен жалғайтын Боржақты - Ерсай теміржол желісінің құрылысы аяқталды.

Сондай-ақ, Транскаспийлік халықаралық көлік маршрутының Координациялық комитеті жұмысының аясында Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия-Түркия қатынасында және Қытайдан Қазақстан арқылы Иранға контейнерлік пойыздар ұйымдастырылды.

Автожол саласында ұзындығы 7 мың шақырымнан асатын 11 автомобиль жолының жобасын жүзеге асыру көзделген.

Аталған жобаларды жүзеге асыру тек Қазақстанның ғана транзиттік әлеуетін арттыра қоймай, сонымен қатар ТРАСЕКА-ға қатысушы барлық елдердің халықаралық сауда-саттығын дамыту үшін үлкен маңызға ие. 

Қайнар көз; invest.mid.gov.kz  

Желілерде бөлісу:

  • 11133