2016 ЖЫЛЫ ШЕТЕЛДІК АЗАМАТТАРҒА ҚАЗАҚСТАНДА ЖҰМЫС ІСТЕУ ҮШІН 36 МЫҢНАН АСТАМ РҰҚСАТ БЕРІЛДІ

Олардың ішінде бірінші санатқа жататыны 2 076 болса (басшылар мен олардың орынбасарлары), екінші санатқа 7 043 тиесілі болып отыр (құрылымдық бөлімшелердің басшылары). ШЖК тартуға рұқсаттың негізгі бөлігі үшінші - мамандар 16 811 адам және төртінші - біліктілікке ие жұмысшылар 8 542 адам санаттары бойынша жасалған. 

Өткен жылы, шетелдік жұмыс күшін шақырған 3 768 жұмыс берушіде, 470 398 қазақстандық азамат жұмыс істеп, бұл еңбеккерлердің жалпы санының 94 пайызын құраған.

Еңбек мигранттары келген елдердің ішінде ең алдымен Қытай (12 мың 699 адам), Түркия (3 мың 502 адам), Өзбекстан (1 мың 564 адам), Ұлыбритания (1 мың 474 адам) және Үндістан (1 мың 388 адам) мемлекеттері көзге түседі.

Осы орайда атап өтерлігі, 2016 жылы ШЖК тартқан жұмыс берушілерде Қазақстан азаматтарына 16 259 жұмыс орны құрылып, кәсіби дайындық пен қайта даярлықтан 1 340 қазақстандық азамат өткен. Сонымен қатар, 5 427 жергілікті жұмысшы мен 11 шетелдік маманның орнын қазақстандық кадрлар басқан. 

Еске салсақ, 2017 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тартудың жаңа жеңілдетілген тәртібі енгізілді. Бұған сәйкес, жұмыс рұқсаттарын беру мерзімі қысқартылып, жұмыс берушілерге қатысты әкімшілік талаптар алынып тасталды.

Аталған шарттардан босаған жұмыс берушілер енді салық алымдарын төлеуі тиіс. Салық көлемі шетелдік жұмыс күшінің санаты мен сала сипатына қарай 137-250 АЕК арасында белгіленбек, яғни 290 - 530 мың теңге шегінде.

Дегенмен, жұмыс берушілерге кадрлардағы жергілікті құрамға байланысты қағидаларды сақтау талабы солай қала береді: басшылар мен олардың орынбасарларында кем дегенде 70%, мамандар мен біліктілікке ие жұмысшыларда кем дегенде 90% құрайды.

Қайнар көзі: primeminister.kz


Желілерде бөлісу:

  • 3522