АҚТАУДА «МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН ДАМЫТУ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Аталмыш шара Маңғыстау облысы әкімінің бастамасымен және Маңғыстау облысы әкімдігі мен «Атамекен» ҰКП қолдауымен ұйымдастырылды.

Еркін форматтағы бас қосудың мақсаты – Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуетін дамыту, жаңа инновациялық,  озық  өндіріс орындары мен жобалар жасақтау, сондай-ақ аймақ экономикасының басқа секторларындағы жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді анықтау.

Форум жұмысына 60 астам қазақстандық бизнес өкілдері, банкирлер, әлеуетті инвесторлар, халықаралық және қазақстандық мұнай компанияларының басшылары, құрал-жабдықтар өндірушілер, қызмет көрсету компанияларының, инвестициялық қорлардың өкілдері, бизнестің негізін салушылар мен иелері қатысты.

Шараны Маңғыстау облысының  әкімі Ералы Тоғжанов құттықтау сөзімен ашты. Өңір басшысы құттықтау сөзінде 4 сәуірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймаққа жұмыс сапарымен келіп, облыс алдына нақты міндеттер,ең алдымен аймақ экономикасының оң өсімін қамтамасыз ету  мәселесін қойғанын алға тартты.

- Ол үшін бізде барлық жағдай бар. «Ақтау теңіз порты» Арнайы экономикалық аймағының бірнеше артықшылықтары мен жеңілдіктері бар. Осы жылдан бастап қажетті инфрақұрылымдарымен қамтамасыз етілген  Индустриялық аймақ құрылды. Аймақтық Индустриализация картасының жобалары мен жалпы сомасы 432,3 млрд.теңгеден астам «Нұрлы жол» бағдарламасының инфрақұрылымдық жобалары жүзеге асырылуда,- деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Елбасының сарабдал саясатының арқасында облыс қуатты транзиттік әлеуетке ие,- деп атап өтті аймақ басшысы. Сондықтан облыс аумағында көліктік-логистикалық хабты дамыту басты басымдық болып табылады. «Арқалық-Шұбаркөл», «Жезқазған-Бейнеу» және «Боржақты-Ерсай» темір жол желілерін пайдалануға беру, «Хоргос-Шығыс қақпалары»  және «Ақтау теңіз порты» АЭА тығыз өзара іс-әрекетінің арқасында Еуропа, Иран және Парсы шығанағы елдері бағытында біздің облыс арқылы Қытайдан Қазақстанға жүктерді тасымалдаудың жаңа логистикалық тізбегі  жасақталуда. Сумен қамтамасыз ету - тез арада шешуін талап ететін маңызды мәселе болып тұр.

- Жыл сайынғы халық санының өсуі, индустриалды, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылуы жылдан-жылға су тапшылығының артуына және болжамдық есеп бойынша, аймақтың даму қарқынын  есепке ала отырып, су қажеттілігі 2020 жылдарға қарай тәулігіне 70 мың кубқа жетеді. Бүгінде шетел инвесторларынан нақты ұсыныстар мен теңіз суын тұщыту бойынша жобаны жүзеге асырудың анықталған мерзімі бар. Су көлемінің арттыра отырып, аймақта агроөнеркәсіп кешенін дамытуды көздейміз. Ол үшін мүмкіндіктер бар – бүгінде агроөнеркәсіп кешені бойынша 34 млрд. теңге сомасына 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.  Туристік сала бойынша 3 бағытты–ішкі туризм, бар демалыс орындары мен теңіз жағалауы инфрақұрылымының құрылысы, соның ішінде Ақтау қаласының жағалауын атап өтуге болады.

Екіншісі – Каспий жағалауындағы мемлекеттер арасындағы халықаралық қатынастар мүмкіндіктерімен теңіз жағалауындағы яхт-клубтарды дамыту.  Бұл мақсатта Ақтаудың солтүстік жағалау аймағын  зерттеу  шаралары жүргізілуде. Ақтау қаласының бас жоспары аясында осы аумақта жер бөлу мәселесін қарастырып жатырмыз.

Үшіншіден–«Кендірлі» және «Ащысор» терең сулы шығанағы секілді ірі жобалар арқылы халықаралық туризмді дамыту.

Каспийде көмірсутегі шикізатын өндіру бойынша теңіз операциялары үшін мұнай-сервистік қызмет көрсетуді дамыту біздің облыс арқылы жүргізіледі. Маңғыстау Каспий жағалауында орналасқан жалғыз аймақ. Теңіз порттары облыс аумағында орналасқан, оларды кеңейту мен құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

- Каспий арқылы жүргізілетін барлық транзиттік және сауда операциялары  және теңіз мұнай-газ жобаларына қызмет көрсету Ақтау халықаралық теңіз порты, Баутин порты және Құрық портындағы Паромдық кешен арқылы жүзеге асырылатын болады. Сондықтан, мен сіздерді бұл жобаларға қатысушы ғана емес, стратегиялық инвесторлар тартуға көмектесуге және қолдауға шақырамын, - деп қорытындылады сөзін аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

Инвестициялық шара аясында келген қонақтарға Маңғыстау облысының өндірістік алаңдары таныстырылды. Аймақтың инвестициялық әлеуеті негізінде 11 қазақстандық бизнес-қоғамдастық өкілдері Маңғыстау облысы үшін нақты инвестициялық ұсыныстарын жеткізді.

Инвестициялық кездесудің негізгі тақырыптары – Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуетін дамыту, инвестициялық және инновациялық даму «Жаңғыру 3.0» жаңа бағдарламасын жүзеге асыру аясында  Астана қаласының жобасы үлгісінде, «Smart City-Ақылды қала» жобасы, Маңғыстау облысының кәсіпорындарының энергиясының жұмсалуын төмендету және өнеркәсіптік қауіпсіздықты арттыру, инженерлік жүйені автоматтандыру және диспетчерлендіру арқылы  ғимараттың энерготиімділігін арттыру, ақпасуды биологиялық тазалау бойынша инновациялық шешім мен технология, Маңғыстау облысында электронды коммерцияны дамыту, Астана қаласындағы «SchoolBus» компаниясының үлгісінде балаларды қауіпсіз тасымалдау, жоғары және жоғары білімнен кейінгі  аймақаралық даму болды.

Инвестициялық кездесу нақты жұмыс алаңына айналды. Кездесу соңында «Каспий» технологиялық даму орталығы» құрылатыны айтылды. Ол аймақтың экономикалық даму бағыттарын айқындайтын жаңа идеялар орталығына айналуы тиіс. Сондай-ақ «Үздік инновациялық жоба», «Үздік отбасы бизнесі», «Үздік жасыл аймақ», «Технологияны дамыту бойынша үздік меценат», «Үздік тағам»  және т.б. сайыстар ұйымдастырылады.

Жүлде қоры бірінші орынға 5 млн. теңгеге дейін, екінші орын 3 млн. дейін және үшінші орын 1,5 млн. дейін болады.

Аймақ басшысы облыс әкімінің орынбасары Шолпан Елмұханбетоваға аймаққа қажетті мамандықтар бойынша  Қазақстанның және ТМД елдерінің үздік жоғары оқу орындарына жастар мен дарынды түлектерге 50 грант тағайындау туралы тапсырма берді. Облыста бүгінде теңіз, құрылыс, сондай-ақ агроөнеркәсіп, туризм және технологиялық салаларда мамандар тапшы.

Инвестициялық кездесу ірі қазақстандық компаниялар мен қауымдастықтар арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюмен түйінделді. Ол өз кезегінде Маңғыстау аймағының экономикасына отандық инвесторларды тартуға, жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. 

Қайнар көзі: mangystau.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 8305