БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ «DOING BUSINESS» МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕ КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

Кеңес барысында заңнамалық бастамалардың жаңа пакеті талқыланды, сондай-ақ Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісіндегі Қазақстан позициясын жақсарту бойынша Үкімет қолданатын бірқатар басқа шаралар талқыланды.

Үкіметтің аталған жұмысы аясында 7 кодекс пен 9 заңға енгізілетін түзетулер пакеті қалыптастырылды. 9 көрсеткіш бойынша өзгерістер қарастырылған:  «Кәсіпорын ашу», «Құрылысқа рұқсат алу», «Электрмен қамту жүйесіне қосу», «Келісімдерді орындау», «Халықаралық сауда», «Миноритарлық инвесторларды қорғау», «Өтеу қабілетсіздігін шешу», «Несиелер алу», «Меншікті тіркеу».

Кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев министрліктер мен ведомстволарға алға қойылған міндеттерді іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Олардың ішінде - «Астана 1» Ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға беру мерзімдерін сақтауды, экспорттық-импорттық операциялар бойынша бірыңғай терезенің, жылжымалы мүлік кепілінің бірыңғай тізілімінің жұмыс жасауын, екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелері мен сақтандыру ұйымдарын «электронды үкімет» порталымен ықпалдастыруды қамтамасыз ету.

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 9290