БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВТЫҢ «KAZAKHSTAN GLOBAL INVESTMENT ROUNDTABLE» ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІ

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Баршаңызды Қазақстан экономикасының инвестициялық көкжиегіне арналған бірінші халықаралық дөңгелек үстел басында көргеніме қуаныштымын.

Біздің шақыруымызға келісімін беріп, үн қатқан 100-ден астам халықаралық компанияларға, қаржылық ұйымдарға, елшіліктерге, үкіметтік емес ұйымдарға, шетелдік БАҚ-қа шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

Қазақстан Үкіметі сіздердің келелі ұсыныстарыңыз бен жаңа идеяларыңыз үшін қашан да ашық. Сондықтан, бүгін осы жерде менің әріптестерім – министрлер, мемлекеттік және жеке секторлардың өкілдері, еліміздің жетекші кәсіпкерлері күні бойы сіздермен бірге жұмыс істейтін болады.

Мұндай сұхбат сіздердің инвестициялық ұсыныстарыңыз бен Қазақстандағы іскерлік перспективаларыңыз бойынша пікір алмасуға мүмкіндік береді. Және біз сіздерге ұсынылып отырған Kazakhstan International Business and Investment Dialog форматы тұрақты болатынына үміттенеміз.

***

Үкіметтің басты мақсаты – Қазақстанға «жаңа буынның» инвестицияларын тарту процесін ынталандырудың ауқымды әрі орнықты стратегиясын қалыптастыру.

Біз бүгінгі кездесуді осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалаймыз.

Қазақстан неліктен инвестициялар үшін тартымды болуда?

Инвесторлар Қазақстанда өздерінің бизнестерін дамыта отырып, қандай пайда мен мүмкіндіктерге ие болады?

Біріншіден, әлемдік өзгерістермен байланысты болған 2014-2016 жылдардағы қиыншылықтардан соң ел экономикасы тұрақтала бастады.

Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 2017 жылдың 10 айындағы ЖІӨ өсімі 4% құрады. Жекеменшік инвестициялар мен халықтың тұтынушылық белсенділігі қалыпқа келуде.

Сөйтіп, еліміздің әлемдік шынайылыққа бейімделуі орын алды. Біз экономикалық өсім жолына шықтық.

Екіншіден, біздің мемлекетіміз өзінің дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты.

2017 жылдың басынан бастап ел Президенті Қазақстанды Үшінші жаңғырту бағытын жариялады. Оның мақсаты – «Қазақстан-2050» Стратегиясын, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын іске асыру және жаңа жағдайда елімізді әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарай одан әрі ілгерілету.

Үш бағытта ауқымды жұмыс өріс алды: саяси демократизациялау (конституциялық реформа жүргізілді), қоғамдық ой-сананы жаңғырту және адами капитал сапасын арттыру, экономикалық өсімнің жаңа моделін құру, жекешелендіру мен қайта реттеу есебінен экономикадағы мемлекеттің рөлін қысқарту, жеке секторды ынталандыру, технологиялық жаңғырту және цифрландыру, жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру.

Үкімет әлеуметтік-экономикалық саясаттың барлық негізгі бағыттары бойынша жан-жақты жол картасын қамтитын 2025 жылға дейінгі іс-қимылдың Стратегиялық жоспарын қабылдады. Ол Мемлекет басшысының қарауында.

Өзгерістер мен пайда болатын қауіп-қатерлерді тиімді басқару үшін жобалық басқару жүйесі енгізілді.

Басымдықта — экономиканың 8 базалық саласы және жұмыстың мынадай тура бағыттары бар:

· экономиканың перспективалық секторларында жаңа жұмыс орындарын құру;

· жаппай кәсіпкерлікті дамыту;

· технологиялық қайта жарақтандыру және цифрландыру.

· Қазір жобалық менеджмент еліміздің өңірлері деңгейінде енгізілуде.

Осылайша, біз ауқымды дайындық жұмыстарын жүргіздік, не істеу және қалай істеу қажеттігін білеміз.

Үшіншіден, Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында көлемді инвестициялар салу көзделген агроөнеркәсіп кешенін және экономиканың негізгі салаларын жаңарту, заманауи ғылымды қажетсінетін өндірісті дамыту бойынша біздің саясатымыз инвесторларға үлкен мүмкіндіктер ашады. 

Біз экономиканы әртараптандыруды жалғастырып, инвесторларды металлургия, мұнай өңдеу, химия және машина жасау саласына шақырамыз.

Қазақстан мыс, алтын, сирек кездесетін және сирекжерлік металдар, оның ішінде литий, ванадий, фосфат шикізаты және т. б. өндірісін шығару және дамыту жөніндегі көптеген жобаларға ие.

Өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту үшін біз геологиялық барлауға, шикізатты байытуға және өңдеуге арналған жаңа технологияларды инвестициялауға мүдделіміз.

Біз агроөнеркәсіп кешенін ауқымды жаңғыртуды бастадық. Қазақстан бидай ұнын шығару бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Біз бұл артықшылықты одан әрі нығайтамыз, дегенмен аграрлық секторды құрылымдық реформалау жұмыстарын жүзеге асырып, нарық сұранысына сәйкес егістік алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

Тыңайтқыштар, биоқоспалар және сұрыптау саласындағы жаңа әзірлемелерді енгізуді қоса алғанда, барлық саланы ғылыми-техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру шаралары қолға алынды.

Мұның бәрі азық-түлік өнеркәсібіне инвестиция салуға үлкен мүмкіндіктер береді.

Үкіметтің Қытаймен, басқа да көршілес нарықтармен сауда шектеулерін алып тастау бойынша атқарған жұмыстарымен қатар, бұл қарқынды әрі экспортқа бағдарланған агробизнес секторын ерекше тартымды етеді.

Әсіресе Қытаймен үлкен жұмыс жүргізілді. Екі ел арасындағы барлық дерлік негізгі сауда кедергілері реттелді. Шамамен өткен аптада Қытайдың Мемлекеттің кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен Сочи қаласында кездесу өтті, онда біз қалған сауда кедергілері 2018 жылы толықтай ретке келтіріледі деп келістік. Осылайша, өте ауқымды нарық ашылады және де бүгін Қазақстанда шығарылатын өнім — ауыл шаруашылығы, органикалық өнімдер Қытайда жоғары сұранысқа ие.

Төртіншіден, Қазақстан бүгінде инфрақұрылымды, логистиканы, көлікті және олармен байланысты қызметтерді дамыту үшін инвестициялық тартымды ел болып отыр.

Соңғы үш жылда біз ауқымды инфрақұрылымдық құрылыс жүргізіп, маңызды әлемдік нарықтарға шығу үшін қысқа әрі үнемді көліктік-логистикалық «жол» жасадық.

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізінің қазақстандық учаскесінің шамамен 3 мың шақырымында құрылыс аяқталды, бұл Қытайдағы Ляньюньган портынан Ресейдің Санкт-Петербург портына жүк тасымалдау уақытын 10 күнге дейін қысқартады.

Орталық Азия елдерін Парсы шығанағы мен Иранның оңтүстігіндегі Бандар-Аббас портымен байланыстыратын «Қазақстан — Түркіменстан — Иран» жаңа теміржол дәлізі салынды.

Біз Қытаймен шекарада «Қорғас — Шығыс қақпасы» құрғақ портын салдық. Бұл Қазақстандағы тұңғыш жер бетіндегі порт және Орталық Азиядағы ең ірі логистикалық парк.

Еліміздің батысында Каспий теңізіндегі Ақтау порты кеңейтілді. Жаңа паром кешендері жүйесі бар Құрық жаңа порты салынды. Мұндай қадамдар қазақстандық порттардың жүктеме қуатын жылына 25 млн тоннаға дейін арттырады.

Мұның бәрі инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастайды, солтүстіктен оңтүстікке қарай және шығыстан батысқа қарай жүк тасымалдау уақытын қысқартады, бұл бизнес үшін өте тиімді!

Біздің стратегиялық мақсатымыз — Қазақстанды Орталық Азияның ірі көліктік-логистикалық хабы ету.

Үкімет алдағы екі-үш жылда (2020 жылға қарай) транзиттік тасымалдарды 2 млн контейнерге дейін ұлғайтып, транзиттен $5 млрд дейін пайда табуды жоспарлап отыр.

Қазақстанның барлық көліктік-логистикалық инфрақұрылымы және «Нұрлы жол»  мемлекеттік бағдарламасы «Бір белдеу және бір жол» және «Жібек жолының экономикалық белдеуін» құру бойынша Қытайдың мега жобаларымен түйіндес.

Біз инвесторларды көлік және логистика саласына инвестиция салып, бізбен бірге өсіп, қаржылай пайда табуға шақырамыз!

Бесіншіден, елімізде инновациялық-индустриялық дамудың екінші бесжылдығы жүргізіліп жатыр. Қазақстанның өнеркәсіптік кәсіпорындары алдыңғы қатарлы технологияларды, Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге, өндірісті автоматтандыруға және роботтандыруға мүмкіндік алып отыр.

Биыл неміс серіктестер — Фраунгофер атындағы Қолданбалы зерттеулер институтымен білесіп, біз өңдеу және тау-кен секторларының 500 кәсіпорнының  осындай жаңғыртуға әзірлігін бағаладық, және экономиканың негізгі салаларын технологиялық жаңартып, цифрландырудың жол картасын дайындадық.

Күні кеше Үкімет отырысында біз «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық, ол Елбасының қарауына жіберілді. Қыркүйекте ел мамандарының қатысуымен үлкен таныстырылым өтті.

Алтыншыдан, Қазақстанға инвестиция салу арқылы сіздер қандай нарыққа ие боласыздар. Еуропа мен Азия арасындағы жер үсті сауда "көпірінің" орталығында орналасуының арқасында, сондай-ақ біздің тату көршілік саясатымызға және саудадаға кедергілерді азайтуына байланысты Қазақстанға ең ірі — ЕАЭО, Ресей, Қытай, Орталық Азия нарықтары ашық.

Біздің инвесторларымызға Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық процестер елеулі перспективалар ашуда.

Барлық сыртқы экономикалық бағыттар бойынша сауда-саттықты дамыту үшін кедендік және сертификаттау кедергілерін төмендету бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде.

Жетіншіден, біз инвесторларға мүлдем жаңа тетік — Астана халықаралық қаржы орталығын ұсынамыз. Бүгін біз оған жеке панельдік сессия арнадық.

Оның басты мақсаты — инновациялық қызметті ынталандыру және инвестициялар тарту үшін жағдай жасау.

Біз қаржы орталығын халықаралық биржалармен бірлесудің заманауи қаржы құралы ретінде құрдық. Оның қатысушылары үшін жеңілдетілген салықтық, визалық және еңбек режимдері ұсынылады.

АХҚО сот ісін ағылшын тілінде жүргізу арқылы британдық құқықтың қағидалары мен нормаларына сәйкес жұмыс істейтін болады. Туындайтын дауларды шешу үшін оның аумағында Халықаралық арбитраж орталығы жұмыс істейтін болады.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, осы Арбитраж орталығының ашықтығы эксаумақтылық қағидасы бойынша жұмыс істейтіні өте маңызды. Кез келген инвестор өз жобасының ел аумағының қай жерінде іске асырылуына қарамастан, сонда жүгіне алады.

Мұндай қаржы қызметтерін әлемнің санаулы елдері ғана ұсына алады!

Сегізіншіден, Қазақстанда қазір жүргізіліп жатқан жекешелендірудің екінші ауқымды «толқыны» инвесторлар үшін үлкен мүмкіндіктер береді.

Үкімет экономиканы мемлекет иелігінен алу саясатын жүргізіп жатыр. 900-ге жуық компания (902) бәсекелес ортаға беріледі.

Мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың (ұлттық холдингтердің 57 компаниясы) 65 үздік компаниясы ең тартымдылары болып саналады.

Сізді жекешелендіруге қатысуға шақырамын.

Мен қазір инвесторлар үшін ең тиімді сәт келді деп ойлаймын.

Аталған тақырыпқа да жеке сессия арнадық.

***

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Біраз уақыттан кейін мамандандырылған «дөңгелек үстелдер» мен брифингтер өткізіледі, онда сіздерді қызықтыратын сұрақтар бойынша Қазақстан Үкіметінің мүшелерімен толығырақ әңгімелесуге болады.

Біз ұсынатын шаралар мен жобалар халықаралық бизнес қауымдастыққа қызығушылық пен пайда әкелетініне сенімдімін.

Біздің барлық жоспарларымызды табысты жүзеге асыру үшін жаңа инвестициялар ағыны қажет.

Бұл мәселені шешудің негізі бар.

Қазақстан бүгінде PriceWaterhouseCoopers (PWC) және Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес 189 елдің ішінде салық ахуалының қолайлылық деңгейі бойынша  18-ші орынға ие.

Сондай-ақ, Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде әлемнің 190 елі арасында 36-орынға ие. Біз рейтингтің барлық 10 индикаторы бойынша жақсы көрсеткішерге қол жеткіздік. «Миноритарлық инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша біз бірінші орынды иемденеміз. «Келісімшарттарды орындау» көрсеткіші бойынша – алтыншы орын.

Біз алдымызға Doing Business рейтингісінде жақын арада 20-лықтың қатарынан орын алу туралы мақсат қойдық.

Осы мақсатта біз 2018 жылы ұлттық және субұлттық деңгейлерде бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту үшін жаңа, жетінші заңнамалық түзетулер пакетін дайындаймыз.

Сонымен бірге, біз инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік күшейіп тұрған жағдайда, әр инвестор үшін белсенді түрде күресуден басқа таңдау жоқ екенін түсінеміз.

Әрі біз соған дайынбыз!

Бүгінде Қазақстан Үкіметі инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасау саясатын ұстанатынын мәлімдейді!

Егер сіз Үкіметтің инвестициялық ахуалды жақсарту үшін не істегенін сұрасаңыз, мен нақты шешімдер бар екенін және оларға сүйене алатыныңызды нық сеніммен айта аламын!

Маңыздыларына тоқталып өтейін.

Инвестициялар ағынын ынталандыру үшін біз жаңа ұлттық инвестициялық стратегияны әзірледік және оны іске асыруды қолға алдық. Оны әзірлеуге Дүниежүзілік банк мамандары мен басқа да халықаралық сарапшылар қатысты.

Шетелдік және аймақтық құрылымдар желісімен «Кazakh Invest» инвестиция тартудың ұлттық компаниясы құрылды. Ол Үкімет атынан шетелдік инвесторлармен «бірыңғай келіссөз жүргізуші» ретінде әрекет етеді.

Бұдан өзге, маңызды елдерде Қазақстан елшіліктерінде елшілердің инвестициялар жөніндегі кеңесшілері тағайындалады. Олардың барлығы сізге қолжетімді болады!

Сондай-ақ, экспорт өнімдерін өндірушілерді қолдау үшін кедергілерді жоюға, сыртқы және ішкі инфрақұрылымды дамытуға бағытталған арнайы экспорттық стратегия әзірленді. Мұнда сіздің әріптесіңіз «Kazakh Export» жаңа ұлттық компаниясы болады.

Біз екі маңызды бағытта кәсіпкерлік және инвестициялар саласындағы заңнаманы түбегейлі өзгерттік.

Біріншісі — бизнестің шығындарын жан-жақты төмендету және ең алдымен энергетика, көлік, логистика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қайта реттеу реформасы. Шағын және орта бизнесті тексеруге қойылатын талаптарды шамамен 60%-ға дерлік азайттық. Лицензиялар мен рұқсаттар саны 3 еседен астамға қысқартылды. Салық органдарының жоспарлы тексерулері 40%-ға қысқартылды.

Екінші бағыт — бұл бюрократияны төмендету және E-government веб-порталы арқылы электронды түрдегі мемлекеттік қызметтерді арттыру.

Үкімет жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеп, Парламентке ұсынды, оның идеологиясы салық төлеушілердің мүдделерін қорғауға және жер қойнауын пайдаланушыларды ынталандыруға бағытталған. Барлық белгісіздіктер мен қателіктер салық төлеушілердің пайдасына түсіндіріледі.

Бұдан өзге, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекс әзірленді, ол «кім бірінші келді, сол алды» қағидасына негізделген. Ол қорларды есептейтін және геологиялық ақпаратқа еркін ашықтықты қамтамасыз ететін халықаралық жүйені енгізеді. Қабылданған шаралар қатты пайдалы қазбаларға 18 айдан 10 күнге дейін жер қойнауын пайдалану құқығын беру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай серпін беретін жаңа Кеден кодексі дайындалды. Басымдық декларацияны электронды түрде беруге қойылады. Соның нәтижесінде тауарларды шығару уақыты алты есеге, 4 сағатқа дейін азаяды.

Еркін экономикалық және индустриалды аймақтарды реттеуді жақсартатын заң жобасы әзірленді.

Инвестициялар үшін маңызды барлық осы заңдар Мəжілісте талқыланды, және Сенатта қаралғаннан кейін көп ұзамай барлық 4 заң жобасы Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылады. Біз олар 2018 жылдан бастап күшіне енеді деп жоспарлап отырмыз.

Үкімет инвестициялық ахуал көптеген жағдайда жергілікті билік органдарының әрекеттеріне байланысты екенін түсінеді. Сондықтан да біз биылдан бастап бизнесті жүргізудің қолайлығы бойынша өңірлерді бағалайтын жаңа рейтинг енгіздік, ол субұлттық рейтинг деп аталады. Ертең Елбасы премияларды табыстайды.

Негізгі назар инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, өнеркәсіптік нысандарға жер телімін беру тәртібіндегі ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Біз шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты әдіс-тәсілдерімізді ырықтандырдық. Бұл маңызды мәселе. Біз Тәуелсіздік жылдарында жалпы жұмыс күшін даярлау мәселесін шештік.

Алайда, Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында шешілуі тиіс міндеттер жоғары технологиялық өндірісте жұмыс істеуге қабілетті әрі ең озық дағдыларды игерген, «жаңа буын» кәсіптері бойынша жоғары білікті мамандарды талап етеді.

Сол себепті де біз шетелдік жұмыс күшін тарту жолдарын жеңілдетіп жатырмыз. Қазірдің өзінде 60-тан астам елдің азаматтары Қазақстанға визасыз режимде келе алады.

Мемлекеттік тілді білу, мамандарды жергілікті қамту, нақты шетелдік заңды тұлғадағы жұмыс тәжірибесі бойынша талаптар жеңілдетілген.

Барлық инвесторларды алаңдатып отырған үлкен мәселе — мемлекеттік-жекешелік әріптестік. Біз жобаларды жоспарлаудың барлық рәсімдерін жеңілдеттік.

Білім беру, денсаулық сақтау, спорт, тұрғын үй шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, энергетика және көлік салаларында типтік конкурстық құжаттарды бекіттік.

Біз сондай-ақ келісімшарттар жобаларының сараптамасын және конкурстық рәсімдерді оңтайландырдық. Тұтыну кепілдігін үш және одан да көп жылға дейін арттырдық.

Ақпараттану деңгейі мен тәжірибе алмасуды арттыру үшін МЖӘ табысты іске асырылған жобаларының бірыңғай базасын құрдық. Енді ол сіздерге қолжетімді.

Айта кету керек, бүгінде біздің инвестициялық форум жұмысы аясында Үлкен Алматы айналма жолы жобасы бойынша меморандумға қол қойылады.

Мен түрік және корей серіктестерін құттықтағым келеді. Процесс бастау алды! Бұл жаңартылған МЖӘ тетігі аясындағы алғашқы "жоба" және барлық инвесторлар үшін жақсы белгі деуге болады.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Қазақстан Үкіметі әрқашан да инвесторлармен жұмыс істеудің халықаралық қағидалары мен стандарттарын ұстанып келді, алдағы уақытта ұстана береді де.

Біздің жұмысымыздың басты бағыты — жеке меншікке, заң үстемдігіне беріктікті қамтамасыз ету. 2018 жылдан бастап біз ағылшын құқық нормалары бойынша мүмкін болатын дауларды шешуді қамтамасыз етеміз.

Қазақстан ашық ел болған және осылай қалады да. Біз ЭЫДҰ Инвестициялар жөніндегі комитетіне қосылдық.

Бүгін мен Үкіметтің бизнес үшін тиімді, жақсы жағдай жасау туралы сындарлы шешімін атап өткім келеді.

Біріншіден, инвесторларға ұсынылатын консультациялық қызметтерді күшейтеміз. Мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға жіберген әрбір сұрағыңызға жауап он жұмыс күні ішінде ағылшын тілінде беріледі.

Бұны орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары жеке жауапкершіліктеріне алады.

Екіншіден, 2020 жылдан бастап шетелдік инвесторларға мемлекеттік қызметтерді ағылшын тілінде ұсынуға біртіндеп көшеміз.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары, мемлекеттік клиникалар, мектептер, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, көші-қон және салық қызметіне ағылшын тілін білетін қызметкерлер арнайы жұмысқа қабылданатын болады.

Үшіншіден, инвесторлар үшін барлық негізгі нормативтік және құқықтық актілер, сондай-ақ, Әділет министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің веб-сайттарында және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының сайтында ағылшын тілінде жарияланады.

Төртіншіден, біз шетелдік инвесторларға, ең алдымен электрондық визаны енгізу, шекарадан өту, көші-қон есептері мен қауіпсіздік мәселелері процестеріне, елге кіруге жақсы жағдай жасауды жалғастырамыз.

Барлық осы төрт бағыт бойынша әрбір уәкілетті орган қажетті жұмысты жасайды.

Құрметті достар!

Бүгінгі іс-шара тығыз ынтымақтастыққа ықпал етіп, іскерлік орталар серіктестігінің жаңа мүмкіндіктері мен перспективаларын айқындайды деп сенемін.

Біз инвесторлармен үнемі диалог орнату арқылы түйіткілді мәселелерді дереу шешуге дайынбыз. Жоғары деңгейде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Шетелдік инвесторлар кеңесі стратегиялық мәселелерді шешумен айналысады.

Үкімет деңгейінде біз үнемі Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің және Қазақстанның Еуропалық бизнес қауымдастығының жұмысы арқылы тұрақты диалог жүргіземіз.

Сонымен қатар Шетелдік инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі инвестициялық омбудсмен де қолжетімді.

Қазақстан Республикасы инвесторлар арасында өзін сенімді іскерлік серіктес ретінде дәлелдеді.

Соңғы 10 жылда экономиканың түрлі секторларына шамамен $250 млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

Қазақстанға келіп, жобаларын осында жүзеге асырып жатқан әрбір инвесторға алғысымызды білдіреміз. Олардың мысалы мен бүгінгі біздің әңгімеміз сізді Қазақстанда жаңа іскерлік биіктерді бағындыруға шабыттандырады деген сенімдеміз!

Дереккөз: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 4643