БЕРНДЕ «ҚАЗАҚСТАН – МҮМКІНДІКТЕР ЕЛІ. ЭКСПО-2017» ТАҚЫРЫБЫНДА ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Іс-шара Қазақстандағы инвестициялық және іскерлік ахуалға, сондай-ақ алда Астанада өтетін көрмеге арналды. Дөңгелек үстелдің жұмысына Швейцарияның денсаулық сақтау, «жасыл» энергетика, энергия тиімділігі, жел электр станциялары және қаржы секторы сияқты қызметтің түрлі салаларындағы ресми, ғылыми және іскерлік топтардың 50-ден астам өкілі қатысты.  

Жанар Айтжанова Қазақстанды жаңғыртудың негізгі басымдықтары, инвестициялық ахуалды жетілдіру шаралары, швейцариялық инвестициялар мен технологияларды тарту, Швейцария кантондары мен Қазақстан облыстары, сондай-ақ екі елдің университеттері мен ғылыми орталықтары арасында өңірлік және ғылыми-техникалық ынтымақтастық орнату бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.

Швейцарияның Федералдық Сыртқы істер департаментінің саяси дирекциясының Еуропа және Орталық Азия бөлімінің басшысы Николас Брюль мен Швейцарияның Федералдық жиынының Кантондар кеңесінің депутаты, «Швейцария-Қазақстан» Парламентаралық тобының тең төрағасы Филиппо Ломбарди екіжақты ынтымақтастықтың артып келе жатқанын атап өтіп, оны дамыту перспективаларымен бөлісті.

«ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Швейцария Комиссары Мануель Сальхли алда өтетін көрмедегі Швейцарияның павильонын таныстырды және оның мазмұны жайлы айтты.

Ғылыми ынтымақтастық та дөңгелек үстелдің негізгі тақырыптарының бірі болды. Берн, Цюрих Қолданбалы ғылымдар университеттерінің және Женева университетінің басшылығы қазақстандық серіктестермен өзара іс-қимылға және ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мен студенттер алмасуға аса қызығушылық танытты.

Іс-шаралар қорытындысы бойынша дөңгелек үстелге қатысушылар екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы деңгейіне және перспективаларына, сондай-ақ ел басшылығының қазақстандық экономиканы жаңғырту шараларына жоғары баға берді.

Анықтама:

Швейцария Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіреді. 2016 жылы тауар айналымы 2,8 млрд АҚШ долл., ал қазақстандық экономикаға тартылған швейцариялық инвестициялар көлемі – 2,5 млрд АҚШ долл. құрады.

Қайнар көзі: primeminister.kz 

Желілерде бөлісу:

  • 9436