БИЫЛ МЕМЛЕКЕТТІК ИНВЕСТИЦИЯ ЕСЕБІНЕН 25 МЫҢ ПӘТЕР САЛЫНАТЫН БОЛАДЫ

Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Медиа-орталығында Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетовтің қатысуымен комитеттің 2016 жылғы және 2017 жылдың І тоқсанындағы жұмыс қорытындысына арналған брифинг өтті.

Комитет төрағасы 2016 жылы тұрғын үй құрылысы және коммуналдық шаруашылық істері саласындағы жұмыстың толыққанды ұйымдастырылғанын, құрылыс саласының өсім тенденциясының сақталып отырғанын және салаға бағытталған қаржының толық игерілгенін жеткізді.

«Тұрғын үй саласына салынған инвестиция 2015 жылғы 740 миллиардтан 2016 жылы 830 миллиард теңгеге артты. Ал, 2017 жылдың алғашқы тоқсанында 174 млрд. теңге бағытталды. 2016 жылы республиканың тұрғын үй қоры 10,5 млн. шаршы метрге артты. Бұл шамамен 90 мың баспана. 2017 жылы жалпы алаңы 3,1 млн. ш. метр тұрғын үй немесе 25 мың баспана салынды. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25,3 пайызға артық. 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 100 мың пәтер, оның ішінде мемлекеттік инвестиция есебінен 25 мың пәтер салынатын болады»,- деді комитет төрағасы Мархабат Жайымбетов.

Брифинг барысында жеке тұрғын үй құрылысын қолдау және оны дамыту мақсатында облыс орталықтарында ұсынылған жаңа пилоттық жоба жайлы және берілетін әлеуметтік баспанаға қатысты мәселелер де айтылды.

«Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық баспана салынады. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің салымшылары үшін несиелік тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемі артатын болады. Жеке құрылыс салушылардың тұрғын үй құрылысын және мемлекеттің субсидиялауы арқылы ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру көзделуде»,-деп атап өтті комитет төрағасы. 

Айта кетейік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 83 жоба іске асырылмақ. Бұл  жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын 60 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек.

2017 жылы сумен жабдықтауға қолжетімділікті  қалаларда 2 пайызға, ал, ауылдарда 2,7 пайызға арттыру жоспарлануда. Жалпы, 150 жоба іске асырылады.

Сонымен қатар, Комитет кәсіпкерлік қызметті дамыту, инвестициялық тартымдылықты жақсарту және нарық субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жұмысын жалғастыруда.

Жүргізілген реформалар кәсіпкерлер үшін рұқсат алу процедураларының санын 25-тен 8-ге дейін және құрылысқа рұқсат алу мерзімін 3 айдан 1 айға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Атқарылған шаралардың нәтижесінде «Doing Business» рейтингінде Қазақстанның позициясы жақсарды.  Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, Қазақстан 2 жылда 152 орыннан 22 орынға көтерілді.

 Құрылыс саласындағы сараптамалық қызметтің өзін-өзі реттеуіне көшуі аясында сараптаманың 60 пайызы нарықтық ортаға берілді, 2020 жылдан бастап жобаларға сараптама жасаудың 90 пайызы жеке нарықта болады.

Технологиялық карталарды әзірлеу негізінде құрылыстағы жаңа технологияларға сметалық бағалау кеңеюде.

Құрылыс саласын техникалық реттеудің еуропалық және әлемдік жүйелеріне кірігу шеңберінде 2017 жылдың соңына дейін жалпы құрылыс мәселелері бойынша ескірген Құрылыс нормалары мен ережелерін алып тастау жоспарлануда. 2019 жылдың соңына дейін Еурокод жүйесіне толық ауысу көзделуде.

Құрылыс саласына сандық технологиялар енгізілуде:

-Кондоминиум нысанын басқару органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін «Е-Шаңырақ» бірыңғай ақпараттық жүйесі тұрғындарға электрондық дауыс беру арқылы кондоминиум нысанын басқаруға және оны күтіп ұстау мәселесіне қатысуға, есептілігін қарауға және оны басқару органдарының жұмысын бағалауға, сондай-ақ мобильді құрылғыны пайдалануға мүмкіндік береді.

-Жобаларға электронды портал арқылы «Бір терезе» қағидаты бойынша кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізу салалық экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және құрылыстық сараптаманы бір сараптамалық ұйымға біріктіреді. 

Қайнар көзі: mid.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3388