ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫН ИГЕРУ МЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ БОЙЫНША ЖИНАЛЫС ӨТКІЗДІ

 10 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен аппарат кеңесі өтіп, онда 2017 жылға арналған Индустрияландыру картасы аясында «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағындағы жобаларды жүзеге асыру мен бюджет қаражатын игеру мәселелері талқыланды.

Облыстық қаржы басқармасының басшысы Марина Әлібекова мемлекеттік сатып алу бойынша конкурстар жүргізудің тәртібі мен республикалық бюджеттің мақсатты трансферттері туралы баяндады.

- 2017 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша облыстағы бюджет кірісі 81,4 млрд. теңгені немесе 107%-ды қамтыды. Бұл республикалық және жергілікті бюджет қаражаты. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 5%-ды құрады немесе 4 млрд.теңгеге артты. Жергілікті бюджет кірісі 31,1 млрд.теңгені немесе 116%-ды құрап отыр. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жергілікті бюджет кірісі 13%-ды немесе 1,8 млрд. теңгені құрайды. Облыстағы бюджет шығыны 1 сәуірдегі көрсеткіш бойынша 30,2 млрд. теңгеге немесе 95,2%-ға орындалып отыр. 2016 жылдың осындай кезеңіндегі көрсеткіш 91,4%-ды құраған болатын. Облыс бойынша жергілікті бюджеттің орындалысы 95,2%, - деді облыстық қаржы басқармасының басшысы Марина Әлібекова.

Сонымен қатар, жобалардың құрылысы мен 302 нысанның жобалық-сметалық құжаттамасын жасақтауға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған. 2017 жылы 265 нысан аяқталуы керек, 37 нысанның құрылысы 2018 жылға дейін созылады. 1 сәуірдегі көрсеткіш бойынша 144 жобаның 91 жобасына конкурс жарияланып, соның 30-ы бойынша қорытынды шықты, қалған 61-і конкурстық комиссияның қарауында.

- Қала және аудан әкімдіктеріне, облыстық басқармаларға бөлінген қаражаттың сапалы және тиімді игерілуі бойынша тапсырма берілуі керек. Сондай-ақ, құрылысты ұзақ жүргізетіндерді тексеру қажет. Бір апта ішінде «Аққу-1» және «Заветная мечта-1, 2» тұрғын үй құрылыстарының  қазіргі жағдайы бойынша ақпарат беріңіз. Содан кейін құрылысты ұзақ жүргізетіндер мен құрылыс саласындағы мәселелерге қатысты жиналыс өткізетін боламыз, - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылатын жобалардың ағымдағы жағдайы және осы жылдың соңына дейін «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағынан іске қосылуы жоспарланып отырған жобалар туралы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев баяндады.

- 2010 жылдан бастап 2014 жылға дейін Маңғыстау облысы бойынша жалпы құны 12 млрд.теңге болатын 33 инвестициялық жоба іске қосылды. 3800 жаңа жұмыс орны ашылып, 73 млрд.теңгеге өнім шығарылды. Екінші бесжылдық аясында (2015-2019 жылдар) 2017 жылға дейін Индустрияландыру картасына 24 жоба қосылып, оның ішіндегі 8 жоба шетелдік инвесторлардың есебінен салынатын болады. Жобалардың жалпы құны 432,3 млрд.теңгені құрайды. 3263 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Осы жылы инвестицияның жалпы құны 55,8 млн.теңге болатын 10 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олардың жүзеге асырылуымен 465 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. 2018 жылы 3 жобаны жүзеге асыру және 365 жұмыс орындарын ашу жоспарлануда, - деп атап өтті облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев.

- Қала және аудан әкімдері қызметінің бағасына тек әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіштерін сақтау емес, сондай-ақ, инвестиция тартудың көрсеткіштерін де қосу керек. Осы бағыт бойынша барлық әкімдердің қызметтері туралы ақпарат берулеріңізді тапсырамын, - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ең үздік қаланы, ауданды және шағынауданды анықтайтын конкурстың тұжырымдамасын жасауды тапсырды. Сонымен бірге, Ералы Тоғжанов мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлерге санитарлық тазалау мен абаттандыру айлығы аясында өзінің нысандарының айналасын таза ұстауды тапсырды. 

Қайнар көзі: mangystau.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 4051