ГЕРМАНИЯ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ШЫҒЫС КОМИТЕТІ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АХУАЛДЫ ОҢ БАҒАЛАДЫ

рус/eng

Іс-шараға қатысушылар екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, Германия Еуропалық одақта Қазақстанның стратегиялық серіктесі болып табылатындығын атап өтті.  

«Бүгін инвесторлар, оның ішінде неміс инвесторлары іске асыра алатын мүмкіндіктердің барлық пулы айқын.  Бұл жаңа инвестициялық стратегия, жер қойнауы туралы заңнамадағы өзгерістер, Англия құқығы негізінде АХҚО құру және басқалары. Мен мұндай форумдар түрлі секторлардағы кәсіпкерлердің ұстанымдарын жақындастырады деп ойлаймын. Осы форумда Инвестициялар және даму министрлігінің, АХҚО, «Kazakh Invest» өкілдері заңнамадағы осы жаңалықтарды және бар мүмкіндіктерді көрсете алды», — деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов.

Іс-шара барысында неміс тарапының өкілдері инвестициялық ынтымақтастықты оның ішінде технологиялық даму шеңберінде белсендіру қажеттігін атап кетті. 

«Біз Қазақстандағы инвестициялық ахуалды өте жақсы деп бағалаймыз. Бұл барлық халықаралық рейтингтерде аталып отыр. Қазақстанның үздік халықаралық практиканы негізге алатыны өте маңызды. Неміс бизнесі бұған жан-жақты назар аударумен оны ескеріп отыр. Бізде үлкен неміс компанияларының Қазақстанға келуіне қатысты алғашқы тәжірибеміз бар. Қазіргі уақытта немістің орта бизнесін тарту өте маңызды деп ойлаймын. Олар көптеген салаларда көшбасшы, сондықтан бұл біздің технологиялық ынтымақтастыққа күш салу тұрғысынан ерекше қызықты болады. Осы орайда «Kazakh Invest» нақты инвестициялық жобалар бойынша ақпарат пен қолдау берумен өте үлкен рөл атқарады», — деп атап өтті Германия экономикасының Шығыс комитетінің басқарушы директоры Михаэль Хармс.

Өз кезегінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Қайыров Германиядан келген инвестициялардың шамамен 90 пайызы бірінші кезекте өңдеуші секторға бағытталғанын атап өтті.

«Атап айтқанда осы секторға Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша инвесторларды стратегиялық тұрғыдан тарту керек. Неміс бизнесінің осы үндеуді қабыл алғанын, Германия компанияларының мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасына қатысуға қызығушылықтарын көріп отырмыз. Ол үшін біз қажетті платформаны құрып, тиісті преференциялар ұсынамыз», — деп мәлімдеді Е. Қайыров.

Форум кезінде «Kazakh Invest» басқарма төрағасының орынбасары Марат Бірімжан Қазақстанда қандай инвестициялық мүмкіндіктердің бар екендігі туралы толығырақ айтып, неміс компанияларын Жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырды:

«Қазақстан –  бұл транзиттік ел ғана емес, жақын жатқан елдерге экспорттау үшін өз өндірістерін орналастыра алатын ел. «Kazakh Invest» инвесторларға перспективалы инвестициялық жобаларға, сондай-ақ жекешелендіру бағдарламасын іске асыруға қатысты нақты ақпарат береді», — деді ол.

Іс-шара қорытындысы бойынша неміс тарапы ҚР-да өткізіліп жатқан экономикалық реформалардың маңыздылығын жоғары бағалады және бұдан кейінгі ынтымақтастыққа қызығушылығын білдірді. 

Анықтама: Берлин Еуразиялық Клубы (БЕК) еуропалық және азиялық мәдениеттер арасындағы сараптамалық диалогты нығайтуға бағытталған, Қазақстанның Еуропадағы осындай бірінші жобасы болып табылады. БЕК хатшылығы функцияларын ГФР-дағы ҚР Елшілігі мен жаһандық экономика саласындағы өзекті халықаралық проблемалармен айналысатын елдің жетекші экономикалық ұйымы — Германия экономикасының Шығыс комитеті жүзеге асырады.

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3486