ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ МЕН ҰСТАП ҚАЛУДЫҢ ҰЛТТЫҚ СТРАТЕГИЯ ЖОБАСЫНЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ

 Бүгін Астана қаласында ҚР Сыртқы Істер Министрлігі және «Kazakh Invest» Ұлттық Компаниясы» АҚ-ның қолдауымен инвестиция тарту мен сақтап қалу Ұлттық стратегия жобасының және «Kazakh Invest» компаниясының таныстырылымы өтті. Іс-шара қатысушыларының алдында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Әлем Банкінің инвестициялық ахуал мәселелері бойынша офис басшысы Иван Нимак, «Kazakh Invest» Ұлттық Компания» АҚ Басқарма төрағасы Мақсат Қабашев, «Kazakh Invest» Ұлттық Компания» АҚ Директорлар Кеңесінің тәуелсіз мүшесі Альпаслан Коркмаз сөз сөйледі.

Мемлекеттің экономикасына инвестиция тарту – Қазақстанның мемлекеттік басымдықтарының бірі. Инвестиция тарту бойынша жетекші орынды сақтау туралы Елбасының халыққа жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында, аймақта қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі екі бағытта жұмыс істеуде. Бұл - инвестиция тарту және сақтап қалу бойынша мемлекеттік стратегияны әзірлеу және «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясын іске қосу.

Ұлттық стратегия жобасын Әлем Банкінің инвестициялық климат мәселелері бойынша офис басшысы Иван Нимак таныстырды.

«Қазіргі таңда тиімділікті іздеген инвесторлардың Қазақстанға назар аударғандары жөн болады. Оларға ұзақ мерзімді инвестициядан пайданы барынша көбейтуге мүмкіндік беретін ыңғайлы инвестициялық ахуал қызықты. Басқа дамушы нарықтар арасында Қазақстанның тартымды екеніне осындай инвесторлардың көзін жеткізу қажет. Ол үшін Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтарын анықтайтын күштерді шоғырландыру керек.  Сонда экономиканың маңызды секторларына инвестиция тарту жеңіл болады», - деді ол.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның инвесторлармен және мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылы, міндеті мен мақсаты туралы басқарма төрағасы Мақсат Қабашев айтып өтті. Оның негізгі міндеті - Қазақстан Үкіметі атынан ірі инвесторлармен және мақсатты трансұлттық компаниялармен келіссөздер жүргізу. Осыған байланысты «Kazakh Invest» басты функционалдық міндеті шетелдік инвесторға Қазақстанда идеядан бастап өндірістің ашылуына  және оның экспортқа шығуына дейін толық қолдау көрсету, яғни инвестициялық жобаның іске асуының барлық кезеңінде қолдау көрсету. Ол, мемлекет экономикасына инвестиция тартудың айтарлықтай тиімді де ұтымды және бизнеске бағытталған үлгісіне өту, деген сөз.

Kazakh Invest «Бір терезе» қағидатына сүйене отырып, инвесторлардың ҚР мемлекеттік органдарының өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау қажеттілігін жоятын немесе азайтатын қызметті іске асыратын болады.

Жоғарыда көрсетілгендей, «Kazakh Invest» инвесторларға көрсететін мемлекеттік қызметтер жүйесінде бірыңғай рұқсат нүктесіне айналады, оның ішіне инвестициялық жеңілдіктер түрінде инвесторларға мемлекеттік қолдау, сонымен қатар алдағы инвестициялық жобаларды іске асыруға және пайдалануға қажетті түрлі рұқсаттар мен келісулерді беру кіреді. Бұл ретте, іс жүзінде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша шешімдер жауапты мемлекеттік органмен қабылданса, «Kazakh Invest» рөлі қажетті құжаттарды жинау, мәжіліс барысында инвестор ықыласын ұсыну, рұқсат етілетін құжаттарды беру болып саналады.

«Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Мақсат Қабашевтің  айтуы бойынша, «Шетелдік инвестордың Қазақстандағы бүгінгі жетістігі – ол мемлекеттің ертеңгі гүлденуі».

Қосымша ақпарат алу үшін  +7717620555 және pr@invest.gov.kz хабарласыңыз.

АНЫҚТАМА

«Kazakh Invest»* Ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің құрылымына кіреді. Ол шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерлету жүйесінің ұлттық операторы, сондай-ақ шетел инвесторларын тарту және олармен жұмыс істеу жөніндегі мамандандырылған мемлекеттік компания. «Kazakh Invest» мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады және ол өзінің қызметтерін ақысыз негізде жүргізеді.

*Қазақстан Республикасы Үкіметінің 01.03.2017 жылғы № 100 Қаулысына сәйкес «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» акционерлік қоғамы «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» ұлттық қоғамы» акционерлік қоғамы болып қайта аталды. 

Қайнар көзі: mid.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3548