ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРЛІГІНІҢ ӨКІЛДЕРІ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ЖОЛДАУЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУҒА АРНАЛҒАН БАСПАСӨЗ-КОНФЕРЕНЦИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ

ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Р.Скляр көлік-логистика әлеуетін, құрылыс саласын және ТКШ дамыту бойынша Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі ҚР ИДМ жоспарлары туралы айтты.

Р.Склярдың айтуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2017 жылы 4,4 мың шақырым жолда жұмыс жүргізіледі, оған 100 мың адам тартылады. Жыл соңына дейін 600 км жол пайдалануға беріледі.

Биыл Бейнеу-Ақтау (2017 ж.-230 км), Алматы-Талдықорған (2017ж-24 км), сондай-ақ, Астана-Павлодар (232км) автожолының жекелеген учаскелері, Орал-Каменка (50 км), Ақтөбе-Атырау (26 км), Қордай асуын айналып өтетін жол (40 км)  толық аяқталады.

Республикалық бюджет қаржысына ұзақтығы 1 мың шақырымнан асатын  жаңа 8 жобаны бастау көзделіп отыр. Бұл Бейнеу-Ақжігіт,  Қостанай – Денисовка, Щучинск-Зеренді, Осиновск асуы, Таскескен-Бақты, Үшарал-Достық, Астананы айналып өтетін Оңтүстік-Батыс, Қалбатау-Майқапшағай жобалары. 2020 жылға дейін 6 мың шақырым жолда ақылы жүйе енгізілсе, оның ішінде 2017 жылы 700 шақырым  жол ақылы болады, 2020 жылға дейін жыл сайын 30 млрд. теңге жиналады. 

2017 жылы Республикалық бюджет есебінен Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай және Дүниежүзілік банк займдары есебінен Алматы-Қорғас учаскелерінде ақы қабылдайтын жүйелер орнату көзделіп отыр. Жүйені сынақтан өткізу үшін биыл қараша айында іске қосу жоспарланып отыр.

Автожолды пайдаланушыларға қызмет көрсетуде сапалы инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінетін болады. Қазіргі уақытта республикалық маңыздағы жолдардың бойында әртүрлі қызмет көрсететін 2 мыңнан астам нысан бар.  Олар көбіне ірі елдімекендердің маңына жақын орналасқан. Олардың тек бестен бір бөлігі 2015 жылы қабылданған ұлттық стандарттарға сәйкес келеді.

Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, жергілікті автожол желілерінің 34% қанағаттанарлықсыз жағдайда (БҚО-72%, Ақтөбе-52%, Атырау-51%, СҚО-45%). Жылына орташа алғанда шамамен 2 мың шақырым жол жөнделеді. Бұл республикалық желімен салыстырғанда 3 есе төмен. Осыған байланысты вице-министр әкімдерге өз аймақтарындағы облыстық және аудандық маңыздағы жолдардың жағдайын жақсарту жөніндегі жұмыстарды күшейту қажеттігін айтты.

Барлық ресурстарды тұрғын үй құрылысы саласына шоғырландыру үшін бірыңғай «Нұрлы жер» бағдарламасы қабылданды - деп атап өтті Р.Скляр. Оның аясында 1,5 млн. баспана, оның ішінде 2017 жылы 100 мың баспана салынады.

ҚР ИДМ Инвестициялар жөніндегі комитеттің төрағасы С.Тұяқбаев инвестиция тарту саласының қазіргі жай-күйі мен келешектегі құрылымы мәселелеріне тоқталды және инвесторларды тарту жөніндегі жаңа тәсілдерді енгізу бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді.  Оның айтуынша, 2016 жылдың 9 айында тікелей инвестициялар 4,5 есе өсіп, 12,3 млрд. теңгені құрады. Биылғы жылғы маусым айының аяғына дейін Дүниежүзілік Банкпен бірлесе отырып, Инвестицияларды тарту жөніндегі Ұлттық стратегия әзірленіп, оған инвестицияларды тартуға қатысқан барлық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, дипломатиялық өкілдіктерге арналған индикаторлар енгізілетін болады.

Сондай-ақ, С.Тұяқбаев ақпан айының соңына дейін инвестиция жөніндегі «Кazakh Invest» ұлттық компаниясының құрылатынын және қайта құру процедурасы аяқталатынын хабарлады. Аталмыш компания шетелдік өкілдіктер мен филиалдардың ауқымды желісін қамтып, Үкімет атынан ірі инвесторлармен және мақсатты ТҰК-мен «біріңғай келіссөз жүргізуші» ретінде  іс-қимыл жасайтын болады. Компания функцияларына инвестициялық жобаларды әзірлеуді қамтамасыз ету, инвестицияны қажет ететін жобалардың тізімін әзірлеу, мақсатты және дайындығы бар инвесторларды тарту, ресми тұлғалармен қол жеткізілген  барлық келіссөздерге мониторинг (фоллоу-ап) жасау; «Бір терезе» қағидаты бойынша инвестициялық жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсету және туындаған мәселені жергілікті жерде шешу; АЭА пен инфрақұрылымды дамытуды басқару кіреді.

Инвестиция комитеті төрағасының айтуынша, биыл сәуірде инвестиция жөніндегі ОЭСР Комитетіне кіру жұмыстары аяқталатын болады. Еске сала кетейік, өткен жылдың қазан айында бірлескен жұмыс қорытындылары бойынша инвестиция жөніндегі ОЭСР Комитеті Қазақстанды осы ұйымның қатысушысы ретінде шақыру туралы шешім қабылдаған болатын.

Трансұлттық компанияларды тарту бойынша Президенттің сынын ескере отырып, Мемлекет басшысының инвесторлармен келісімін жүзеге асыру және оны мониторингтеу күшейтілетін болады. Қазір шетелдік инвесторлардың барлығы 200-ден астам бастамасы жұмыс үстінде. Бұдан бөлек, салалық мемлекеттік органдармен, облыс әкімдіктерімен және ұлттық компаниялармен бірге әлеуетті инвесторларға ұсынылатын жобаларды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде (инвестициялық ұсыныстар). 

Бүгінде министрлік инвесторларды қолдау үшін «бір терезе» қағидаты бойынша бірыңғай ақпараттық жүйе енгізу бойынша жұмыс жасап жатыр. Бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу арқылы Жобаларды жүзеге асыруда виза алу, келіссөздер жүргізу сияқты жұмыстар бірыңғай ақпараттық жүйеде көрсетілетін болады. Әрбір жобаға «Kazakhinvest» ұлттық компаниясы» АҚ-ның бір-бір қызметкері жауапты болады. Сондай-ақ, С.Тұяқбаев қазіргі уақытта Арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақтың жұмысын жандандыру үшін жаңа қадамдар жасалып жатқанын айтты. 

Қайнар көзі: mid.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3767