ЖЕР УЧАСКЕЛЕРІН ИГЕРУ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР БАҚЫЛАУЫНДА

Аймақ басшысы  Ералы Тоғжанов аппарат мәжілісіне қатысушыларға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы қызметіне тағайындалған Серік Берішбаевты таныстырды. Аймақ басшысы агроөнеркәсіп саласын дамытудың басым бағыттарына тоқталып, индустриалды-инновациялық даму басқармасымен, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасымен бірге шаруаларды қолдау жұмыстарын жетілдіруді және жаңа технологиялар енгізуді тапсыр­ды.

Жиында «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ Басқарма төрағасы міндетін атқарушы Айгерім Молдабекова арнайы экономикалық аймақтағы жүзеге асып жатқан жұмыстардан хабар­дар етті.

– 2003 жыл мен 2017 жылдар аралығында 85,3 млрд. теңге ин­вестиция тартылып, 20,8 млрд. теңге салық аударылып, шығарылған өнімнің көлемі шамамен 237 млрд. теңгені құрады. 1021 жұмыс орны құрылса, ағымдағы жылдың аяғына дейін 300 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Өткен жылы 1023 адам жұмыспен қамтылған болатын. Біз «Жаңа серпін» мемлекеттік бағдарламасы аясында арнайы экономикалық аймақта жобасын жүзеге асырушы кәсіпорындарға мамандар даярлаймыз. Мәселен, бағдарлама бойынша 2015-2016 жылдары 64 маман білім алса, 51 маман жұмысқа орналасты, – деді Айгерім Молдабекова.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов алдағы уақытта инвесторлармен жұмысты жүйелі жүргізуді және жұмыспен қамту мәселесіне баса назар аударуды тапсырды.

Аппарат мәжілісінде облыс әкімі жүктеген тапсырмалардың орындалысы мен есебі тыңдалды. Аймақ басшысы  Ералы Лұқпанұлы Жаңаөзен қаласына жұмыс сапары барысында жауап­ты тұлғаларға кәсіпкерлерге жалға берілген жерлердің уақытында пайдалану үдерісін тексеруге тапсырма берген  болатын.

– Біз Жаңаөзен қаласының әкімдігімен бірге 19 нысанды тексердік. Тексеру нәтижесінде жер телімдерін уақытында пайдаланбау деректері анықталып, 9 жер телімі мақсатты пайдаланбағандықтан мемлекет меншігіне қайтарылды. Қала әкімдігі тарапынан біржақты тәртіппен жалға алушылар­мен келісім бұзылды. Сондай-ақ атап айтсақ, кафе, дүкен, газ құю бекеті және өндірістік база орналасқан 6 жер телімі мақсатқа сай пайдаланылғаны белгілі бол­ды. Қалған кәсіпкерлердің жерді жалға алу мерзімі біткендіктен Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-бабына сәйкес жа­уапкершілікке тартылатынын ескерттік. Арнайы құрылған мобиль­ді топ жыл басынан бері 398 жер телімін тексергенде оның 161-і уақытында және мақсатқа сай пай­даланып отырғаны анықталды. Қалған кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, –деді облыстық жердің пайдала­нылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Рахат Елтизаров.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

Жиында облыстық табиғи ре­сурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Сағынбаев «Үлгілі ауыл» конкурсының басталғанын хабарлады. Бұл сайысқа қатысушы ауылдар халқы 3 мыңға дейінгі және одан астам болып екіге бөлінеді. Конкурс барысында ауылдың білім, денсаулық, мәдениет, спорт салалары, көгалдандыру, абат­тандыру сынды жетістіктері ес­керіледі. Сайыс қорытындысында жеңімпаздарға ақшалай сыйақы мен ынта­ландыру сыйлықтары беріледі.

Аппарат мәжілісінде  бұрын облыс әкімімен берілген тапсырмалардың орындалысы бойынша атқарылған жұмыстың есебі тыңдалды. Бүгінгі күнге облыс әкімімен 575 тапсырма берілген. Тапсырмалардың орындалысы туралы кейбір мемлекеттік орган басшылары  есеп берді. 

Қайнар көзі: mangystau.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 4072