ҚАЗАҚСТАН МЕН БАӘ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ ІСКЕ АСЫРУ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА

Келіссөздер барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БАӘ-ға 2017 жылғы 15-16 қаңтардағы ресми сапарының аясында жоғарғы деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысының алдын-ала нәтижесі, сонымен қоса ынтымақтастықтың маңызды бағыттары бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды пысықтап, іске қосу мәселелері талқыланды.

БАӘ-нен мұнайхимия саласынан алдыңғы қатарлы еуропалық технологиялардың трансферті мен стратегиялық шетел инвесторларын тартуды есепке алғанда, Атырау облысында жылына қуаттылығы 800 мың тонна полипропилен болатын мұнайгазхимия кешені құрылысының жобасына баса назар аударылды.

Көлік-логистика саласында Әмірліктер аумағында бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен «Etihad Rail» ұлттық темір жол компаниясының (БАӘ) қатысуы қарастырылған. Абу-Даби мен Дубайдың индустриалды аймақтары мен дамушы қалаларын Сауд Арабиясының шекарасымен байланыстыратын, 1435 мм жол сорабы бар ұзындығы 406 шақырым болатын темір жол құрылысының жобасы қаралды. Бұдан өзге, «Abu Dhabi Airports Corporation (ADAC)»-мен бірлескен Қазақстандағы әуежай инфрақұрылымын дамыту мәселесі талқыланды.

Қаржы саласында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Mubadala Investment Company» мемлекеттік инвестициялық компаниясы арасында жалпы жарғылық капиталы тең үлесте 500 млн АҚШ доллары болатын, кейіннен 1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтылатын, бірлескен Қазақстан-Әмірліктер инвестициялық қорын жақын арада құруға әзірлік жұмыстары құпталды.

БАӘ-нің Атом энергетикасы жөніндегі корпорациясы (ENEC) мен «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ арасында атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. БАӘ-де құрастырылып жатқан және құрылысы жоспарланған реакторлардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстаннан табиғи уран, байытылған уран өнімдері түрінде шикізат жеткізу жоспарланған.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша әмірліктер тарапы бірлескен жобаларды ынтымақтастықтың басымдықты бағыттары бойынша ілгерілету үдерісіне разылықтарын білдіріп, Қазақстанның биыл 22 мамырда Астана қаласында Қазақстан-Әмірліктер бизнес форумын өткізу туралы бастамасын ерекше атап өтті.

Келіссөздерге ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қ. Алпысбаев, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы А. Жұмағалиев, БАӘ-дегі ҚР елшісі Қ. Лама Шариф қатысты. 

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3603