ҚАЗАҚСТАН МЕН КОРЕЯ АРАСЫНДА БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТТАРҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

 

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Корея Республикасына барды. Сапар барысында Мемлекет басшысы Корея Республикасының Президенті Пак Кын Хемен кездесті.

Екі мемлекеттің көшбасшылары сауда-экономикалық, қаржылық-инвестициялық, көлік-коммуникациялық, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты қосқанда кең ауқымды екіжақты мәселелерді талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Пак Кын Хе келіссөз аясында Оңтүстік Корея Президентінің 2014 жылы Астанаға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылу барысына да тоқталды.

Мемлекет басшысының Корея Республикасына жасаған сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:

- Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының алдағы уақытта стратегиялық серіктестік қарым-қатынасын тереңдету туралы бірлескен декларация;

- Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен Корея Республикасының Сауда, индустрия және энергетика министрлігі арасындағы бірлескен іс-қимыл жоспары;

- Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен Корея Республикасының Көлік, жер және инфрақұрылым министрлігінің арасындағы көлік саласында инвестициялық және инновациялық жобаларды қолдау туралы Меморандум;

Болашақта өзара тауар айналымын арттыру жөнінде екіжақты байланысты дамыту перспективалары айқындалды. Мемлекет басшылары Қазақстан-Корей стратегиялық серіктестігін жаңа деңгейге көтеру жұмыстарын жалғастыруға келісті.

Сонымен қатар, энергетика саласында ынтымақтастықты арттыру жолдары, мұнай мен газды өңдеу саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері, медициналық туризм және Корея Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында еркін сауда аймағын құру мәселелері қарастырылды.

Корея тарапы көлік транзиті ынтымақтастығының болашағына ерекше қызығушылық білдірді.

Мемлекет басшысы Қытайдың тынық мұхиты жағалауындағы Ляньюньган портындағы қазақстандық терминал құрылысының аяқталғанын атап өтті.

-Терминал арқылы қазірдің өзінде шамамен 1 миллион контейнер тасымалданды. Сондай-ақ, Қытай шекарасындағы Қорғас «құрғақ порты» мен Каспийдегі Ақтау теңіз портының арасын жалғайтын теміржол салынды. Сонымен қатар, Түркіменстан мен Иран арқылы Парсы шығанағына баратын теміржол тартылды. Міне, осы бағыттарды Корея кәсіпкерлері пайдалана алады-деп атап өтті Қазақстан Президенті.

-Мемлекет басшылары арасындағы жеке сенім мен достық байланыстар нығайған сияқты,  біздің стратегиялық әріптестігіміз де артып келеді. Қазақстан-Корея байланыстары өзара ынтымақтастық негізінде қарқынды дамыды- деді Пак Кын Хе. 

Қайнар көзі: invest.mid.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 4096