ҚАЗАҚСТАН ТАУАРЛАРДЫ ЭКСПОРТТАУ БОЙЫНША ӘЛЕМДЕ 50-ОРЫНДА

Орталық коммуникациялар қызметінде экономиканың қалпына келу үдерісін куәландыратын қазақстандық экспорттың дамуына арналған баспасөз конференциясы өтті.

2016 жылғы қорытындылар бойынша болжамдық деректерге сәйкес, Қазақстанның күтілетін экспорт көлемі 35 млрд. АҚШ долларын құрайды (24%-ға немесе 11 млрд. АҚШ долларына төмендеген).

Баспасөз конференциясы барысында «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов атап өткендей, «негізгі төмендеу өткен жылғыдай шикізат тауарларына қатысты. Бұл біздің негізгі экспорт – энергия тасымалдағыштарға бағаның төмендеуіне байланысты. Өкінішке орай, біздің экономика мұнай, газ және басқа да шикізаттық тауарларға белгіленетін халықаралық бағаға тәуелді. Бұл жағдайда, егер 2015 жылмен салыстыратын болсақ, біз экономиканың қалпына келу барысын байқаймыз».

Өңделген тауар үлестерінің 24%-дан 35%-ға дейін 10, 7 пайыздық тармаққа ұлғаюын оң фактор деп бағалауға болады. Арақатынас 65,3%-ға (22,8 млрд. АҚШ доллары - шикізаттық) 34,7% (12,1 млрд. АҚШ доллары - өңделген).

«Экспорттық тауарлардың номенклатурасы 969 позицияға дейін ұлғайды, мысалы, 2008 жылы біз 880-ге жуық тауар позицияларын экспорттадық. Еліміздің экспорт географиясы да кеңейіп келеді, қазіргі таңда Қазақстан әлемнің 117 еліне экспорттайды. Бұған индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған  жаңа өндіріс орындары, сондай-ақ мемлекет тарапынан отандық өндірушілерді экспорттық қолдау шаралары едәуір ықпал етті. Нәтиже ретінде біз 2016 жылдың қорытындысы бойынша дайын тауарлардың экспорты 14%-ға артады деп болжап отырмыз (2,7 млрд. АҚШ доллары)», - деп атап өтті Мейіржан Майкенов.

Қазақстанның экспортқа бағдарланған компанияларына қолдау көрсету үшін ағымдағы жылы 66 іс-шара өткізілді, атап айтсақ, отандық 40 кәсіпорынның шетелдік көрмелерге қатысуы ұйымдастырылды, 17 сауда миссиясы өткізілді, шетелдің ірі көрмелерінде Қазақстанның 4 ұлттық стенді таныстырылды. Жыл қорытындысы бойынша «KAZNEX INVEST» қолдауымен өндірушілер 200 млн. АҚШ долларына дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, тұз, құрылыс материалдары, ерлердің костюмі, балалар киімі, макарон, ұн, шырын, сусын, кондитерлік бұйымдар жеткізуге экспорттық келісімшарттар жасады.

«Экспорттаушыларды қолдау бағдарламасының тиімділігі туралы айтқанда, отандық компанияларды экспортқа жылжытуға жұмсалған 1 бюджеттік теңгенің экспорттық келісімшарттар түрінде 59 теңге әкелгенін атап өткен жөн», - дейді «KAZNEX INVEST» Басқарма төрағасының орынбасары. 

Қайнар көзі: mid.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 4055