ҚАЗАҚСТАН –ЖАПОНИЯ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

 

Бүгін Токиода Қазақстан Республикасы Президентінің Жапонияға ресми сапары аясында үкіметаралық комиссияның отырысы өтті. Ол 200-ден астам жапон бизнесі өкілдерінің, ал жалпы қос тараптан 350-ге жуық компанияның қатысуымен Қазақстан-Жапония бизнес-форумы форматында ұйымдастырылды. Үкіметаралық комиссияның отырысын Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі, «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ, Жапонияның экономика, сауда және өнеркәсіп министрлігі өткізді. Шара барысында үкіметаралық комиссияның тең төрағалары, Қазақстан Республикасының инвестициялар және даму Вице-министрі Ерлан Қайыров және Жапонияның халықаралық істер жөніндегі экономика, сауда және өнеркәсіп Вице-министрі Хирофуми Катасэ баяндама жасады. Өз сөзінде Ерлан Қайыров атап көрсеткендей: «Жапония Қазақстандағы ірі шетелдік инвестор болып табылады. Қазіргі уақытта біздің елдеріміздің арасында экономиканың энергетика, логистика, машина жасау, фармацевтика және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар сияқты салаларында 4 млрд. АҚШ долларынан астам соманың 25-ке жуық бірлескен инвестициялық жобасы іске асырылуда. Бүгін де Қазақстан Жапония іскерлерінің қызығушылығын тудыратын жаңа ұзақ мерзімді жобалар ұсынып отыр».

Бизнес-форумның қорытындысы бойынша химия және мұнай химиясы, инновациялық технологиялар, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, энергетика, қаржы, құрылыс материалдарының өндірісі, туризм және сауда салаларында жалпы сомасы 1,2 млрд АҚШ долларының 15 коммерциялық келісіміне қол қойылды. Жапония тарабының Қазақстан Республикасының аумағында стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларды қаржыландыруы туралы уағдаластықтар бекіді. Мысалы, Атырауда терафталь қышқылының және полиэтилентерафталат өндіруші зауыттың құрылысы; Маңғыстау облысында жел-энергетикалық станцияның құрылысы және оны пайдалану; нейтронды сәулелендіруді бірлесіп пайдалану және радиоизотоптар өндірісі.  

Бизнес-форум барысында қазақстандық делегация жапон әріптестерін 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстанның Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасымен, экономиканың басым салаларына қаржы құятын инвесторларды ынталандыру шараларының кешенімен таныстырды. Сондай-ақ, Қазақстанда бизнес-жобаларды жүргізу мүмкіндіктері, инвесторларға мемлекет тарапынан берілетін преференциялар, экономиканың түрлі бағыттарының салалық әлеуеті туралы ақпарат берілді.

Бизнес-форумның бөлек сессиясы ұзақ мерзімді перспективада екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастық саласындағы бастамаларды талқылауға арналды. Шараға қатысушылар Қазақстан-Жапония екі жақты қарым-қатынастарын кеңейтіп, жаңа дейгеңге көтеру қажеттілігін атап көрсетті. Бұдан өзге, су ресурстары, экология, медицина, ауыл шаруашылығы, балық аулау, көлік және қала инфрақұрылымы салаларында ынтымақтастық орнату ұсынылды. 

Қайнар көзі: invest.gov.kz  

Желілерде бөлісу:

  • 9614