ҚАЗАҚСТАН — АЗИЯНЫҢ ЕҢ ІРІ ЭКОНОМИКАЛАРЫНЫҢ БІРІ: ХІ АЭФ АЛАҢДАРЫНДА НЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

рус/eng

ЭЫДҰ-ның Жаһандық қатынастар хатшылығының Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсон бұндай форумдардың басты артықшылығы — алаңдарда жүргізілетін пікір алмасуларда екенін атап өтті.

«Осындай іс-шараларға әрбір екі ай сайын қатысатыныма қарамастан, мен көптеген қызықты әрі пайдалы ақпарат алдым. Бізде мықты ғалымдар мен елдердің көшбасшыларын тыңдау мүмкіндігі болды. Барлығы өте қызықты ұйымдастырылған. Республика президенті мен Нью-Йорктен келген физиктің немесе Қытайдан келген кәсіпкердің не ойлайтынын түсіну әрқашан да пайдалы. Мен үшін әрдайым бұл оқиғалардан келетін пайда зор», — деді Уильям Томпсон.

Helianthus Advisors компаниясының директоры Жан-Батист Кокьюз ғаламдық экономикадағы Қазақстанның рөлі туралы өз ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, Қазақстан көптеген мүмкіндіктері бар күрделі орынға ие.

«Бұл күрделі, себебі Қазақстан геосаяси тұрғыдан сын-тегеурін деп атауға болатын экономиканың үш тобының аралығында орналасқан. Қытай – ұлы өнеркәсіптік держава, Ресей – үлкен аумағы бар ғылыми держава, одан кейін жоғарғы Таяу Шығыс бар. Осылайша, Қазақстан алыптардың ортасында тұр. Қазақстан осы блоктардың ықпал етуі аясында тепе-теңдікті орнатып қана қоймай, сонымен бірге әлемнің басқа елдерімен өз байланысын жетілдіруге тырысуы керек. Бұған байланысты көптеген мүмкіндіктер бар, өйткені Қазақстан біртұтас ұйымшыл халыққа ие. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмыстар жақсы жүргізіліп жатыр. Қазақстан, әсіресе футуристік технологиялар саласында, дұрыс бағытта дами алады деп есептеймін», — деді сарапшы.

Әңгіме барысында Жан-Батист Кокьюз Астанаға қайта келуді жоспарлап отырғанын, бірақ осы жолы жұмыс сапарымен келетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл үлкен әлеуеті бар, әсіресе технологиялар саласында әлеуеті мол тамаша орын. Ж.-Б. Кокьюз аталған салада белсенді қызмет жүргізеді.

«Көпполярлы әлем болашағы. Диалогтың жаңа жолдары» панельдік сессиясының спикері, саясаттанушы, Вашингтондағы Гудзон институтының бизнес-стратегі Бруно Макаестің пікірінше, Еуропа мен Азияның интеграциясы барлық адамдар үшін ең маңызды мәселелердің бірі. Қазақстан бұл үдерісте басты орындардың бірін алады. Оған Еуропаның да, Қытайдың да, Ресейдің де ықпалы бар. Әсіресе сарапшы біздің республикамыздың бірегейлігін ерекше атап өтті.

«Әлемге ашық болып, саудаға, өнеркәсіпті дамытуға, білім беруге баса ден қойған дұрыс, бұл өте маңызды. Менің ойымша, бүгінде Қазақстан дұрыс бағыт ұстанған, Орталық Азия үшін саудаға және әртүрлі мәдениеттерге ашықтық, реттеу жасау тұрғысынан үлгі болар мемлекет», — деді Бруно Макаес.

Jibrel Network бизнесті дамыту жөніндегі көшбасшысы және құрылтайшысы Талал Таббаа ХХІ ғасырдың феноменіне айналған Қазақстандағы қаржы құралдарының дамуына баға берді. Сарапшы Қазақстанның бүгінгі таңда криптовалюталар нарығын қалыптастырудың бастапқы сатысында тұрғанын атап өтті.

«Әзірге Қазақстанда криптовалютаны пайдалану дамымаған, криптоалмасу жоқ, реттеу белгіленбеген. Қазақстан Азиядағы ең ірі экономикалардың бірі, сол себепті де бұл мәселеге баса назар аудару керек», — деді Т. Таббаа.

Сарапшы сондай-ақ, Қазақстанның қор биржасына блокчейн технологияларды зерделеуді бастауды ұсынды. Мысал ретінде ол қор биржасының әлемдік көшбасшыларының бірі — NASDAQ-ты атап өтті. Қазіргі таңда ол блокчейнге негізделген биржаға көшуде.

Қазақстан «Бір белдеу — бір жол» бастамасының орталығында, 5,5 млрд халқы бар Еуразияның орталығында орналасқан географиялық жағдайына байланысты әлемнің озық дамыған 30 экономикасының қатарына қосылуға үлкен мүмкіндігі бар, деп есептейді XI Астана экономикалық форумының кезекті қатысушысы IE Business School бизнес мектебінің стратегиялық болжау профессоры Александр Ван де Путте.

Сонымен бірге, ол басты назардың экономиканың әртүрлі түрлерінде, қосылған құн мен цифрлық сауда-саттықты дамытуда болуы керек екенін атап өтті. Нақты сауда маңызды, ол бұрынғысынша қалады, дегенмен цифрлық сауданың маңыздылығы басымырақ болмақ.

Бангладеш Республикасының Орта Азиядағы елшісі Мосуд Маннанмен сұхбат барысында Мемлекет басшысының АЭФ: Global Challenges Summit аясында жариялаған бес мегатренді туралы әңгіме өрбіді.

Мегатрендтер арасынан дипломат адам қызметінің барлық аспектілерін цифрландыруды ерекше айтып өтті.

«Бүгінде Батыстың басқа да дамыған елдері секілді жаппай цифрландыру үдерісін жүргізу қажет. Құрметті Президент Нұрсұлтан Назарбаев та өз сөзінде дәл осыны ерекше атап өтті», — деді Мосуд Маннан.

Ол сондай-ақ, Қазақстан мен Бангладештің көптеген аспектілер бойынша өзара жақын екенін айтты.

«Біздің тәуелсіз мемлекет ретінде құрылған 1971 жылдан бері Қазақстан мен Бангладеш арасында өте жақсы қарым-қатынас орнаған. Ол кезде Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстан халқы тәуелсіздік жолындағы біздің қозғалысымызға қолдау білдіріп, Бангладеш тәуелсіздік алғаннан кейін де экономикамызды дамытуға және күйреуден шығуға көмектесті», — деді елші.

«Экономика жоғары мектебі» ҰЗУ Азаматтық қоғамды және коммерциялық емес секторды зерттеу орталығының директоры Ирина Мерсиянова қазіргі әлемдегі азаматтық қоғамның рөлі туралы әңгімелеп берді. Ол «Азаматтық қоғам болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік» тақырыбында жеке панельдік сессияны ұйымдастыру идеясына қатысты оң пікір білдірді.

«Осы форум аясында тарихи оқиға болды – азаматтық қоғам тақырыбы қозғалды. Бұл тақырыпқа жеке сессия арналды, сондай-ақ макроэкономика, халықаралық қатынастар, еңбек нарығы және т.б. дәстүрлі күн тәртібін қалыптастыратын мәселелерге арналған сессиялар өтті. Аталған тақырып бойынша күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді Қазақстан Президенті бес сын-тегеурін, бес тренд туралы сөйлеген сөзінде айтып өтті. Бұл сын-тегеуріндер азаматтық қоғамның рөлін түсінудің ең жақсы жолы», — деді Ирина Мерсиянова.

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 4045