ҚАЗАҚСТАНДА ИНВЕСТИЦИЯЛАР ТАРТУ САЛАСЫНА ЖАҢА ТӘСІЛДЕМЕЛЕР ЕНГІЗІЛДІ

 Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен «Kazakh Invest» компаниясының Ұлттық инвестициялық стратегиясы жобасын таныстыру кезінде ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек инвестициялар тарту және мемлекеттік органдар қызметін үйлестіру саласындағы жаңа тәсілдемелер туралы баяндады.

Ол соңғы жылдары елімізде инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді жұмыс жүргізілгенін атап өтті.

ЭЫДҰ-мен бірге Қазақстанның инвестициялық саясатына екі шолу жүргізілді, олардың қорытындысы бойынша Үкімет елдің нвестициялық ахуалын жақсарту бойынша толық жоспарды қабылдады.  

«Соңғы 5 жылда біз заңнамамызды ЭЫДҰ стандарттарына сәйкес өзгерттік: көші-қон-визалық режимді, рұқсат жүйесін, салық салуды, кедендік бақылауды жеңілдеттік», – деді Ж. Қасымбек.

Реформалар нәтижесінде бизнес ортаның бәсекеге қабілеттілігі артты. Қазақстан Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісіндегі позициясын 41-ден 35-ке дейін жақсартты. Ағымдағы жылдың ақпан айында ЭЫДҰ Кеңесі Қазақстанды ЭЫДҰ Инвестициялар жөніндегі комитетінің қауымдастырылған мүшесі ретінде шақыру туралы шешім қабылдады.

Бұдан өзге, қабылданған шаралар елдің көрсеткіштеріне әсер еткені атап өтілді. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялар ағымы 2015 жылмен салыстырғанда 40%-ға өсіп, 20,6 млрд. долларды құрады.

Министр ең көп өсім тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібінде, электрмен қамту және ақпараттық технологиялар салаларында байқалғанын айтып өтті.

Жалпы, бүгін өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялар өсімі үрдісі сақталуда.

Елдік тұрғыда ТШИ-дің ең көп көлемі келесі елдерге тиесілі: Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Франция, Қытай, Ресей, Бельгия, Ұлыбритания.

Ж. Қасымбек инвестициялар тарту жүйесін қайта қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстар туралы айтты. Оның аясында 2017 жылдың маусым айының соңына дейін инвестицияларды қайдан, қалай және қайда тарту керектігін кешенді түрде көрсететін, барлық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың үйлестіру жұмыстарының нақты тетіктерін анықтайтын, инвестицияларды тартудың ұлттық стратегиясы әзірленетін болады.

«Kazakh Invest» инвестициялар жөніндегі мамандандырылған ұлттық компаниясы Қазақстан Үкіметі атынан ірі инвесторлармен және мақсатты трансұлттық компаниялармен бірегей келіссөз жүргізуші ретінде іс-қимыл жасайды. Ж. Қасымбек аталған компанияға ерекше мәртебе берілгенін айтты: ондағы Директорлар кеңесіне ҚР Премьер-Министрі басшылық етеді. Ал бұл, министрдің айтуынша, инвесторларды тарту мен сүйемелдеу – аса маңызды басымдық екенін білдіреді.

Қазіргі таңда өңірлерде инвесторларға қызмет көрсететін 19 сектор жұмыс істеп тұр. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін «бір терезе» қызметі онлайн-режимде іске қосылатын болады.

Айта кету керек, өңірлерде «Kazakh Invest» өкілдері облыс әкімдері мен Алматы қаласының штаттан тыс кеңесшілері мәртебесіне ие болады.

Ж. Қасымбек инвесторлармен жұмыс жүргізетін барлық жауапты қызметкерлерді біріктіретін және инвесторларға мемлекеттік қызмет көрсету барысын онлайн режимде қадағалап отыруға мүмкіндік беретін follow up – ақпараттық- бақылау жүйесінің жақын арада іске қосылатынын еске салып өтті.

Сонымен қатар, инвесторларға ұсынатын дайын жобалардың болмау мәселесін шешу үшін, жақын арада халықаралық стандарттарға сай тауашалы жобалар «қаптамасы» әзірленетін болады.

Министр ірі халықаралық инвестициялық форумдардың әлеуетін пайдаланудың қажеттігін атап өтті. Ол үшін қазақстандық тараптың қатысуы ұсынылатын, шетелдік инвесторлық шаралардың бірыңғай кестесі әзірленетін болады.

Қорытындылай келе, Ж. Қасымбек Қазақстанда шетелдік инвесторлармен барлық деңгейлерде жүйелік қарым-қатынастар орнатылғанын атап өтті. Министр ҚР Президенті жанындағы шетел инвесторларының кеңесі, ҚР Үкіметі жанындағы инвестициялық ахуалды жақсарту кеңесі, «Шетел инвесторларының қазақстандық кеңесі» Қауымдастығы, «Қазақстанның Еуропалық бизнес-қауымдастығы», Инвестициялық омбудсмен институты секілді ұйымдардың қызметіне оң баға берді. 

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3330