ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ АСҚАР МАМИН МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНА ІС-САПАРМЕН КЕЛДІ

24 ақпанда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Ақтау теңіз порты» АЭА дамыту және Каспий теңізіндегі логистикалық инфрақұрылымды дамыту жоспарын іске асыру бойынша кеңес өткізді. 

«Ақтау теңіз порты» АЭА негізгі міндеті өңдеуші өнеркәсіпті, атап айтқанда, құрылыс индустриясын, мұнай химиясын, мұнай кен орындарын, көлік және логистиканы дамытуға инвестициялар тарту болып табылады.

АЭА Құрылған кезден бастап, 94,6 млрд.теңге тартылды, 260,4 млрд.теңгеге өнім өндірілді, 23,6 млрд.теңге бюджетке салық түрінде түсті. 1300 жұмыс орны ашылды.

АЭА аумағында тіркелген 27 жобаның ішінде 18 жоба пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін жалпы сомасы 10,5 млрд.теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылып, 254 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А. Мамин АЭА қатысушы кәсіпорындар өздерінің өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға бәсекелестікке сай болуы керектігін айтты. Бұдан өзге, ол «бұл мәселе Үкіметтің ерекше бақылауында тұрғандығын» баса айтып, АЭА-ға шетел инвестициясын тарту жұмысын жандандыруды тапсырды.  

Каспий өңіріндегі 2018-2020 жылдарға арналған логистикалық инфрақұрылымды дамыту жоспары туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК вице-президенті Санжар Елубаев баяндады.

Оның айтуынша, 2017 жылы Қазақстанның Каспий мультимодальдық тізбегі 5,5 млн тонна жүк өңдеді. Оның ішінде құрғақ және паромдық жүктер жалпы жүктердің 80% дейін жеткізілді. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 60% болатын.

2018 жылы Қазақстан порттары арқылы өткізу жоспары 10 млн тоннадан астам болса, ондағы құрғақ және паромдық жүктер көлемі 80% сақталады. Бұл межені 2020 жылдары 16,7 млн тоннаға жеткізу жоспарда бар. 2018 жылы 35 мың ЖФЭ контейнер тасымалдау жоспарланса, 2020 жылдары оны 300 мың ЖФЭ-ға жеткізу көзделіп отыр.

2017 жылы Құрық порты арқылы 1,5 млн тонна түрлі жүктер өткізілді. Биылғы жылы оны 4,5 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Каспий бойындағы логистикалық инфрақұрылым нысандары Транскаспий көлік дәлізін дамытудағы негізгі тізбек екендігін баса айтты. «Мемлекет басшысы транзиттік әлеуетті дамытуға ерекше назар аударып отыр. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында заманауи логистикалық инфрақұрылым жасақталуда. Міне бүгін біз оның оң нәтижесін көріп отырмыз. Мәселен, Құрық портында биылғы жылы паромдық жүктерді тасымалдау көлемін үш есеге арттыруды жоспарлап отырмыз».

А. Мамин Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Құрық портының қызметімен, шекаралық және кеден аймағы инфрақұрылымымен, әлеуметтік нысандармен, сонымен қатар Кавказ өңірі, Ресей, Түркияға автокөліктірді өткізу үдерісімен танысты. Ағымдағы жылы 20 мың техниканы паром арқылы өткізу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есеге жоғары көрсеткіш.   

Желілерде бөлісу:

  • 2996