ҚР ҮКІМЕТІ ЭКСПО-2017 АЯСЫНДАҒЫ МӘДЕНИ ЖӘНЕ СПОРТТЫҚ ШАРАЛАРДЫҢ КЕШЕНДІ БАҒДАРЛАМАСЫН ҚАРАСТЫРДЫ

Бақытжан Сағынтаев Халықаралық көрмені өткізу үшін ауқымды ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізілгенін айтты, енді жоспарланған шаралар кешенін сапалы түрде жүзеге асыру міндеті қалды. Мәдениет және спорт министріне осы жұмысты жалпы үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.

Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы баяндағандай, ЭКСПО-2017 мәдени бағдарламасы көпұлтты  Қазақстан халқының мәдениет және спорт саласындағы жетістіктерін кеңінен паш етуді қарастырады. 

Қазақстанның дәстүрлі мәдениетінің экспозициясының негізі «Этноауыл» ұлттық мәдени кешені болады. Сонымен қатар, «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлері бойынша республикалық және халықаралық жарыстар өтеді.

Халықаралық көрмені өткізу кезінде Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында 50-ден астам шара өтеді деп көзделген. «Опералия» халықаралық опера әншілерінің байқауына қатысу үшін Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен үздік вокалшылар жиналады. «Астана Опера» театрында Пласидо Доминго, Ла Скала, Мариин театрының әртістері өнер көрсетеді.

ҚР Ұлттық музейі ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде республикалық және халықаралық деңгейдегі көрмелер өткізеді. Алғаш рет Қазақстанда қытайлық тарап есебінен «Император Цинь Шихуандидің терракот әскері» көрмесі өтеді. Мысырлықтар Астанаға «Ежелгі Мысыр ескерткіштері» көрмесін әкелмек.

Атаулы шаралардың бірі Эрмитаж қорының көрмесі болады. Музейге келушілер назарына сонымен қатар «Бейбарыс Сұлтан және оның дәуірі» ислам өнері музейінің жиынтығынан алынған заттар көрмесі ұсынылады. «Скифтер алтыны» халықаралық көрмесі де қонақтардың көңілінен шығары сөзсіз.

Мәдени бағдарламада ашық аспан астындағы спектакльдер мен концерттер қойылымдарына ерекше көңіл бөлінген. Оның аясында Дж.Вердидің «Аида» операсы, Людвиг Минкустың «Дон Кихот» классикалық балеті Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек» қойылымы, Димаш Құдайбергеновтің концерті өтеді. Көрме аясындағы басты шара «Еуразия» халықаралық кинофестивалі болмақ.

ЭКСПО-2017 кезеңінде 14 ірі спорттық шара өткізу көзделген, оның ішінде 6 әлем чемпионаты, 2 Азия чемпионаты, 3 халықаралық шара, 2 ҚР Президенті Кубогы, Дүниежүзілік бокс кеңесінің жыл сайынғы мерейтойлық 55-ші конвенциясы бар. Еліміздің аумағымен автомотоспорт бойынша «Жібек жолы-2017» халықаралық раллиі маршруты өтеді. 

ЭКСПО-2017 аясында кешенді мәдени бағдарламаны жүзеге асыру халықаралық аренада еліміздің оң имиджін қалыптастыруға мүмкіндік береді, сонымен қатар әлемді Қазақстанның дәстүрлерімен және мәдениетімен таныстырады, деді А. Мұхамедиұлы. 

Қайнар көзі: primeminister.kz 

Желілерде бөлісу:

  • 3753