Л. ЖҰМАҒАЛИЕВА: ЭЫДҰ ИНВЕСТИЦИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТІНЕ ҚОСЫЛУ — ҚАЗАҚСТАНҒА ДЕГЕН ҮЛКЕН СЕНІМНІҢ БЕЛГІСІ

Оның айтуынша, ЭЫДҰ-мен бірлескен бес жылдық тұрақты жұмыстан кейін Қазақстан ЭЫДҰ-ның Инвестициялар жөніндегі комитетіне қосылып, ЭЫДҰ Халықаралық инвестициялар және көпұлтты кәсіпорындар туралы декларациясына қосылған 48-ші ел болды.

«Бұл Қазақстанға деген үлкен сенімнің белгісі және Қазақстанның инвестициялық ахуалы жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетінінің дәлелі», — деді Лариса Жұмағалиева.

Спикердің айтуынша, соңғы 5 жылда Қазақстан ЭЫДҰ сарапшыларымен бірге елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту үшін көп жұмыстар атқарды. Әкімшілік кедергілер жойылды, инвесторлар үшін жаңа ынталандырулар енгізілді. Қазақстанға азаматтары визасыз режимде келе алатын елдердің тізімі кеңейтілді. Осылайша, бүгінде 61 елдің азаматтары Қазақстан аумағына визасыз режимде кіре алады.

Сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін тарту жағдайлары жетілдірілді, ал Жоғарғы сот жанынан Инвестициялық даулар бойынша мамандандырылған сот алқасы құрылды.

Бизнесті жауапты жүргізу бойынша ұлттық байланыс орталығы құрылды, оның арқасында азаматтық қоғам мен инвесторлар арасында кері байланыс орнатылды.

ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Инвестициялар тартудың ұлттық стратегиясы әзірленді, онда инвестицияларды тартудың, ЭЫДҰ ұсынымдарының жаңа пакетіне сәйкес инвестициялық ахуалды жақсартудың нақты тетіктері  қарастырылған.

Лариса Жұмағалиева инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жұмыс осымен тоқтап қалмайтынын айтып өтті. Стратегия аясында инвестициялық саясаттың айқындығын арттыру, нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге жаңа тәсілдерді енгізу көзделген. Ағылшын тілінде НҚА жариялау тетіктерін енгізу қарастырылған. Визалық және көші-қон режимдерін, шетелдік жұмыс күшін тарту шарттарын, сондай-ақ салық және кеден заңнамасын жетілдіру жөніндегі шаралар кешені қарастырылған.

Бұдан өзге, халықаралық тәжірибе мен инвестицияларды тартудың басым секторларын ескере отырып, қолданыстағы инвестициялық артықшылықтардың және мемлекеттік қолдаудың басқа да түрлерінің тиімділігін талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3755