МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІ ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БІРЛІГІ КҮНІ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

Құрметті маңғыстаулықтар!

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі баршамызға құтты болсын!

Бұл бейбіт өмір мен берекелі тірліктің, ынтымақ пен бірліктің бесігіне айналған тәуелсіз еліміздегі жақсы дәстүрге айналған нағыз халықтық мейрам.

Ұлы Отанға деген қастерлі сүйіспеншілік сезім бастау алар әрбір шаңырақтағы жылу мен шуақ, туып-өскен өлкеге деген махаббат, ел-жұртқа, адамзатқа деген мейірім-шапағат өзара келісім мен достықтың, жарасым мен жаңғырудың мызғымас тірегіне айналды.

Дархан даламыз бен әсем қаламызды қатар көркейтіп, елдің ырыс-несібесін арттыруға қуатты білектерді, тілеулес жүректерді жұмылдырған Ұлы Дала Елі тағдыры тоғыстырған көп ұлтты құшағына алып, ынтымақтың күш-қуатымен қарыштап дамып, бақытты болашаққа  бет түзеді.

Көшбасшымыз – Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының нәтижесінде елімізде орныққан бейбітшілік пен қоғамдық келісім бүтіндіктің бұзылмас берік қамалы орнады. Қасиетті қазақ топырағында мекен еткен сан ұлттың арманын тоғыстырған ортақ шаңырақ – Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірінің ажырамас бір бөлшегі ретінде тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтауда маңызды қызмет атқарып келеді.

Дүниені дүрліктірген дағдарыстардан елімізді аман сақтап, мемлекеттің қуатын үстеп, дамуына серпін берген Қазақстан – Мәңгілік Ел болу мұраты жолында жарқын келешекке сенімді қадам басуда. Осы жылы Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесі – өркениет көшіне ілесу жолын таңдаған мемлекетіміздің мәртебесін жаһанға танытатын маңызды бір белес болмақ.

Өз тарихындағы үшінші жаңғыру кезеңіне аяқ басқан тәуелсіз Қазақстан қоғамды саяси, экономикалық және рухани жағынан қайта түлету арқылы санаға серпіліс жасап, ұлт тамырын нәрлендірген бірегейлік кодын паш ету арқылы әлемдік бәсекеге қабілетті ел болуға әрбір азаматтың күш-жігерін сарп етуіне жол ашты.

Қадірменді жерлестер!

Жүрекке жылу, жанға шуақ берер керемет бірлік мерекесінде баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, бақуатты өмір тілеп, көп ұлтты Отанымыздың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлестеріңізді қоса берулеріңізге тілектеспін!     

Ізгі ниетпен, Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов 

Желілерде бөлісу:

  • 3580