МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ

Құрметті отандастар!

Баршаңызды қасиетті Ораза айт мерекесімен құттықтаймын!

Бұл мейрам күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды Рамазан айының аяқталғанын білдіреді. Ежелден исламға тән құндылықтар – бейбітсүйгіштік, жанашырлық пен бауырмалдықтың терең мән-мағынасы осы шуақты күндерде айқын сезіледі.

Ораза айтта шын жүректен ақ тілек айтылып, әр адам адами қарым-қатынастың жылылығы мен айналасындағылардың қамқорлығын сезіну үшін қайырымдылық шаралары жасалады. Ізгі ниет пен игі істер қоғамда өзара түсіністіктің орнауына, халқымыздың татулығы мен ауызбіршілігін нығайтуға септігін тигізеді. Бұл – еліміздің одан әрі тұрақты және сенімді дамуының басты кепілі.

Бірлік пен татулық жүрегімізде әрдайым бейбітшілік пен жасампаздықтың жылуын ұялатсын!

Осы мерекеге орай барша қазақстандықтарға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін!

Ораза айт қабыл болсын! 

Қайнар көзі: akorda.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3866