НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫ

рус/eng

Келіссөздер барысында тараптар екі жақты қатынастардың қазіргі мәселелері және өзара ынтымақтастықты дамытудың алдағы жоспарлары жөнінде әңгімелесті.  Қазақстан Президенті екі ел арасындағы байланыстарды нығайтудың перспективті бағыттарына тоқталып, Татарстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының қарқыны жоғары екенін, Қазақстан мен Татарстан арасында бауырластық әрі сенімді қарым-қатынас орнағанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандырудың маңыздылығына назар аударды.

«Сіздерде ақпараттық технологиялар саласы жақсы дамып келеді. Біздің жастарымыз бұл тәжірибені зерттеуі керек. Өңіраралық ынтымақтастық та ілгерілеп келеді. Екі жақты сауда көлемі $700 млн дейін өсті. Енді $1 млрд көрсеткішіне қол жеткізу керек», — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті машина жасау, қорғаныс және ғарыш өнеркәсібі салаларында бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігі жөнінде айтты, сондай-ақ, Татарстанның мұнай өнімдерін қайта өңдеу саласындағы тәжірибесін атап өтті.

«Барлық мемлекеттер баламалы энергия көздерін пайдалануға көшетін болады. Бірақ, таяу 50 жыл ішінде мұнай мен газға деген сұраныс та сақтала береді. Осы уақыт кезеңін пайдаланып, біз өңдеу өнеркәсібін құруымыз керек», — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аударды.

«Ауыл шаруашылығы ғылымын дамыту қажет. Ресейге ет өнімдерін де жеткізе аламыз. Біз жоғары сапалы сиыр етін өндіру үшін шет елден асыл тұқымды ірі қара малды алып келдік», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін дамытудың және инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижелеріне тоқталды.

Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, соның ішінде білім беру мен медицина саласындағы байланыстарды нығайту мәселелеріне назар аударды.

«Қазан қаласының табысты дамып келе жатқанына қуаныштымын. Ресеймен өзара жалпы қарым-қатынасымыз тұрғысынан алғанда Татарстан жетекші орындардың бірінде. Біз екі халықтың игілігі үшін ынтымақтастығымызды жалғастыра беретін боламыз», — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Р. Миннихановтың елдеріміз арасындағы достық қатынастарды, өзара түсіністік пен сенімді нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, Татарстан Республикасының Президентін бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Рустам Минниханов экономиканың түрлі секторларындағы тиімді екі жақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан – біздің басты серіктесіміз. Табысты бірлескен жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі маңызды болып саналады», — деді Татарстан Республикасының Президенті.

Р. Минниханов Қазақстандағы білім беру жүйесінің даму қарқынын атап өтіп, студент алмасу үдерісін жандандыруға дайын екенін жеткізді.

Татарстан Президенті Астанадағы халықаралық «Экспо-2017» көрмесін аралап көрген кезде алған әсері жөнінде айтты.  

«Экспо-2017» көрмесі жоғары деңгейде өтті. Сіздің арқаңызда қуатты әрі заманауи алаң бой көтерді. Осы кешеннің базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығының ашылуы айтулы оқиға болады деп ойлаймын. Келешекте Қазақстандағы әріптестерімізбен бірге «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында жұмыс істегіміз келеді», — деді Р. Минниханов.

Татарстан Республикасына жұмыс сапары барысында Елбасы Н. Назарбаев бірқатар нысанды аралады: Қазан федералдық университеті, өнеркәсіп кәсіпорындарының көрмесі, сондай-ақ, Бұлғар қаласын және аумағында Успен Құдай-ана ерлер монастырінің басты ғибадатханасы — Успен соборы орналасқан Град Свияжск аралын қайта жаңғырту жоспарымен танысты.

Оқытушы-профессорлар құрамымен кездесудің алдында Нұрсұлтан Назарбаев Қазан қаласында оқып жатқан Қазақстан студенттерімен әңгімелесті. Мемлекет басшысы жас қазақстандықтарға толағай табыс тілеп, зор жетістіктерге жетулеріне ниеттестік білдірді.

Жоғары оқу орнын аралау барысында Мемлекет басшысына Қазан федералдық университетінің Құрметті профессоры атағы берілді.

Ресей Федерациясының жетекші оқу орындарының бірі саналатын университет ұжымына арналған сөзінде Қазақстан Президенті білім ордасының академиялық және ғылыми базасы мықты екенін, сондай-ақ оның инновациялар саласындағы нақты жетістіктерін атап өтті. 

«Тарихи деректерге сәйкес, Қазан университетінде 1877 жылдан бастап қазақ интеллигенциясы да білім ала бастаған. Оқу орнының Қазақстанмен тарихи байланысы бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны қуантады. Қазіргі уақытта мұнда түрлі мамандық бойынша 500-ден астам қазақстандық студент оқиды», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресейдің 25 жылдық дипломатиялық қатынастары кезеңінде екі жақты саяси және экономикалық ынтымақтастық үлгі боларлық дәрежеге жеткенін атап өтті.

«Тығыз ынтымақтастығымыздың арқасында ТМД кеңістігінде жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ пайда болды», — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты Астана мен Мәскеудің стратегиялық серіктестігінің маңызды элементі деп атады. 

«Қазақстан үшін бауырлас татар халқының орны ерекше. Біздің тарихи тамырымыз ортақ, тіліміз, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүріміз ұқсас. Елдеріміз арасындағы тарихи достық дәнекері Қазақстан мен Татарстанның қазіргі кезеңдегі ынтымақтастығы үшін берік негіз болып отыр», — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев екі мәдениет пен халықты жақындастыра түсу ісінде татар диаспорасы маңызды рөл атқаратынына назар аударды.

Қазақстан Президенті Татарстан Республикасымен бірлесе жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде айтты.

«Біз машина жасау, мұнай химиясы, әскери-техникалық және көлік-логистикалық ынтымақтастық салаларында түрлі инвестициялық жобаларды бірлесе іске асырып келеміз. Біздің елордаларымыз – Астана мен Қазан арасында бауырластық байланыс орнаған, ал Алматы мен Қазан серіктес қалалар саналады», — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның цифрландыру және технологиялық революция жағдайындағы экономикалық даму үдерісі жөнінде айтты.

Мемлекет басшысы адами капиталдың әлеуетін арттыру және интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін Қазақстан тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев «Тілдің үштұғырлылығы» жобасының іске асырылу барысы және еліміздің орта білім беру жүйесіне АТ енгізу жөнінде айтты.

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанда халықаралық бағдарламалардың талаптарына сәйкес балаларды жаратылыстану-математика пәндері бойынша оқытуға бағдарланған 20 зияткерлік мектеп салынғанын атап өтті.

«Индустриялық-инновациялық даму үдерісінің талаптарын ескеріп, техникалық және кәсіби білім беру ісінің құрылымы мен мазмұны жаңғыртылуда. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны саналатын «Назарбаев Университетінің» салынуы еліміздің жоғары білім беру саласындағы ең ірі және маңызды жобасына айналды. Бұл – халықаралық стандарттарға, дербестік және академиялық еркіндік қағидаттарына сәйкес жұмыс істейтін Қазақстандағы алғашқы университет», — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарға әлемнің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасының нәтижелері жөнінде де әңгімеледі.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы тату көршілік пен достық қатынастарды нығайту қажеттігіне назар аударып, бұл мәселеде жастар маңызды рөл атқаратынын атап өтті. 

Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев Астана мен Мәскеу ынтымақтастығын одан әрі ілгерілету үдерісіне екі елдің өскелең ұрпағын белсенді түрде тартуды көздейтін бірқатар іс-шара ұйымдастыруды ұсынды.

«Қазақстан мен Ресейдің жас көшбасшыларының форумын ұйымдастыруды ұсынамын. Бұл басқосу жастарға мемлекеттерімізді дамытудың өзекті мәселелеріне қатысты өз ойларын ортаға салуға және нақты ұсыныстар әзірлеуге  мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мәдени байланыстарға тың серпін беріп, елдеріміздің дарынды және шығармашыл жастарына қолдау көрсету мақсатымен жас орындаушылардың, суретшілер мен музыканттардың жыл сайынғы байқауларын өткізуді жандандыру керек», — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті спорт саласындағы ынтымақтастықты да нығайту қажеттігін атап өтті.

«Біздің жас спортшыларымыз арасындағы байланыстар өзекті болып саналады. Екі ел жастарының арасында тұрақты түрде турнирлер өткізуді студенттер қауымы қолдайды деп ойлаймын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы Қазақстан-Татарстан достығы мен өзара түсіністігінің ізгі дәстүрі халықтарымыздың игілігі үшін жалғасын тауып, нығая беретініне сенім білдірді.

Құрметті профессор атағын беру рәсімі аяқталған соң Қазақстан Президенті Қазан федералдық университетінің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев өнеркәсіп кәсіпорындарының көрмесіне барды, онда Қазақстан Президентіне кеме және машина жасау, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібі кешені саласындағы кәсіпорындардың өнімі көрсетілді.

Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев экологиялық тұрғыдан таза және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын көлік техникасының үлгілерімен танысты.

Еске сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ресей Федерациясында жүр. Бұған дейін Мемлекет басшысы РФ Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеу қаласындағы «Лужники» стадионында футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының ашылу рәсіміне қатысты.

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3766