ПЕКИНДЕ ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙДЫҢ БІРЛЕСКЕН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 Бүгін Пекинде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен ҚХР Реформалар және даму істері жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы бірлескен инвестициялық жобаларды талқылау мәселелері бойынша 11-ші отырыс өтті. Кездесу ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров пен ҚХР Реформалар және даму істері жөніндегі мемлекеттік комитеті төрағасының орынбасары Нин Цзичжэнің төрағалығымен өтті.

Қазақстан мен Қытай үшін индустриялық-инновациялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту аса маңызды және оның аясында жалпы сомасы 26,2 млрд. АҚШ доллары болатын 51 жобаның тізімі жасалды. Қазірдің өзінде 2 жоба жүзеге асырылды, тағы 5 жоба бойынша жұмыстар басталды. Ал көптеген жобалардың техникалық және сметалық-жобалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.  Жалпы жобаларды жүзеге асыру динамикасын оң бағалауға болады.

Кеше Пекинде қазақстандық журналистерге берген сұхбатында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан мен Қытай 5 жылдың ішінде жалпы сомасы 25-30 млрд. доллар болатын 50-ден астам бірлескен жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл Қазақстанның өңдеу саласындағы өндірілетін өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

«Барлық жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Биыл және келесі жылы көптеген жобаларды бастауға пәрмен берілетін болады»,-деп атап өтті Ж.Қасымбек.

Сонымен қатар, кездесуде тараптар Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік бағдарламалар мен индустрияландыру саласын зерттеп, өзара тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Бүгінде Қазақстан экономикасының инвестициялық қызметке қатысы бар жекелеген салалары бойынша заңнамалық актілер мен мемлекеттік даму бағдарламалары жөніндегі анықтамалық сипаттағы ақпараттар алмасу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бұдан бөлек, техникалық ынтымақтастыққа ықпал етіп, оны нығайту үшін Қазақстан мен Қытай екі елдің даму институттары арасындағы толыққанды тағылымдаманы жолға қоймақ. 

Қайнар көзі: mid.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3375