«KAZAKH INVEST» ПЕН ГЕРМАНИЯ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ӨКІЛДІГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ЖАНДАНДЫРУҒА КЕЛІСТІ

Алматыда «Kazakh Invest» Басқарма Төрағасы Сапарбек Тұяқбаев пен Германия экономикасының Орталық Азиядағы Өкілдігі басшысының орынбасары Катарина Кох кездесу өткізді. 

Кездесу барысында Сапарбек Тұяқбаев «Kazakh Invest» ағымдағы қызметі туралы, Қазақстандағы шетелдік инвесторлармен жұмыс істеуде «бір терезе» қағидатын енгізу жөнінде және шетелдік кәсіпкерлерге ұсынылатын инвестициялық преференциялар туралы айтып берді.

«Біз Германияны Қазақстанға инвестиция салатын үлкен әлеуеті бар басым ел ретінде қарастырамыз. Неміс бизнесі өте икемді, жоғары технологиялы және жаһандық нарықта өзінің айтарлықтай орны бар. Сондықтан, «Kazakh Invest» неміс бизнесмендерінің инвестициялық жобаларын қолдауға дайын», - деп атап өтті Сапарбек Тұяқбаев.

Өз кезегінде, Германия экономикасының Орталық Азиядағы Өкілдігі басшысының орынбасары Катарина Кох Германияның Қазақстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастығын тереңдеуге мүдделі екенін айтты.

«Біздің ұйымға неміс бизнесмендерінен Қазақстанға инвестиция салу үшін әлеуетті жобаларды іздейтін сұранымдар түсіп отырады. Біз мұндай қызығушылықтың болғанына қуанамыз және «Kazakh Invest» АҚ-ның көмегімен барлық ұйымдастырушылық, миграциялық сипаттағы мәселелер шешіледі деп сенеміз», - деді Катарина Кох. 

Кездесу қорытындысы бойынша, тараптар неміс бизнесмендерінің қатысуымен бірлескен инвестициялық шаралар өткізу жөнінде келісті.

Германия экономикасының Орталық Азиядағы Өкілдігі – 90-нан астам елдің 130 қаласында жұмыс істейтін Германияның сыртқы сауда палаталарының жаһандық желісінің бір бөлігі. 

Қайнар көзі: invest.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 3354