«ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІНЕ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНАН 65 МЫҢ ТҰРҒЫН ҚАТЫСАДЫ

 7 сәуір күні Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық бойынша жиналыс өтті.

- «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің басталуына 64 күн қалды. Бұл Қазақстанның абыройын әлемдік аренада көрсететін біздің Президентіміздің, халқымыздың жобасы. Көрме – еліміз бен аймағымыздың дамуының көрсеткіші, болашақта көркеюіміздің кепілі. Елбасымыз атап көрсеткендей, тек бәсекеге қабілетті елдер ғана көштен қалмайды, кейде оза жүреді. Біздің тапсырмамыз да осында. Мемлекеттік органдар үшін, үкіметтік емес сектор мен азаматтық қоғам институттары үшін бірыңғай амал ойлап тауып, барлығымыз да сол іске қатысуымыз қажет, - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Маңғыстау облысының «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындығы туралы туризм басқармасының басшысы Гүлжан Байжауынова баяндады. Бүгінгі таңда облыстағы 14 кәсіпорын  компания қаржысының есебінен «ЭКПО-2017»-ге қатысуға ниет білдірді. Көрмеге келетін қонақтарға қолайлы жағдай жасау үшін Маңғыстау облысы атынан 50 ерікті іріктелді. Жергілікті туристік фирмалар «ЭКСПО»-ға 12000 билет сатып алды. «Ақтау» сауда ойын-сауық кешенінде «ЭКСПО» билеттерін сататын кассалар орнатылған. Маңғыстау облысының тұрғындарын көрмеге тарту бойынша Маңғыстау облысының әкімдігі мен «SKY WAY» туроператорларының арасында меморандум жасалды.

- Маңғыстау облысы үшін 65000 адамға квота берілді, бұл шамамен облыс халқының 10%-ы. Соның 13 700-і оқушылар мен колледж студенттері. Жергілікті бюджет есебінен жағдайы төмен отбасылардан 1750 балаға, 378 мәдениет қызметкеріне және 50 еріктіге билет алып беру қарастырылды. Маңғыстау облысы атынан көрмеге баратын негізгі әлеуметтік және жас санатына: әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған жандар, мүгедектер мен зейнеткерлер кіреді. Осы адамдар үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жергілікті бюджет есебінен қаржы қарастыруды сұраймын, - деді Гүлжан Байжауынова.

- Облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ильмұханбетова мен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бірігіп әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар үшін облыстық бюджет қаражаты есебінен билет алуды тапсырамын, - деді Маңғыстау облысы әкімінің Ералы Тоғжанов.

2017 жылы «Жолаушыларды тасымалдау» АҚ көрмеге қатысу үшін жолаушыларға жол жүру құжатымен бірге 500 мың билет алған. Қазіргі уақытта шараларды әрі қарай ҚР өңірлері бойынша жүзеге асыру үшін жоғарыда көрсетілген көрмеге қатысатын билет саны «Жолаушыларды тасымалдау» АҚ филиалдарына бөлініп берілді.

Маңғыстаулықтардың Астана қаласына баруына қолайлы жағдай жасалуы үшін 1 маусым күнінен бастап «Тальго» атты 2 жолаушылар пойызы, ал 1 шілде күнінен бастап тағы бір қосымша құрам жүргізілетін болады. Күніне 600 адамды жіберу жоспарлануда.

- Балалардың қауіпсіздігі – біз үшін бірінші кезекте тұрған тапсырма. Бір апта ішінде көрмеге баратын тұрғындардың тізімін жасауды тапсырамын, сондай-ақ, адамдардың аты-жөні мен байланыс телефондары көрсетілуі қажет. Сонымен бірге, оқушыларды шығарып салушылардың тізімі, қай уақытта және қай жерде жиналытыны, қандай автокөлікпен баратындары, шығарып салатын құқық қорғау органдарының тізімі керек. Содан кейін билет алу үшін «Жолаушыларды тасымалдау» АҚ-ға тапсырыс беру қажет. Ал, тұрғындардың денсаулығын бақылауда ұстау үшін Астана қаласынан медициналық орын ашуды ұйымдастыру керек, - деп тапсырма берді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

«ЭКСПО» халықаралық көрмесі аясында 15-18 тамыз күндері аралығында Астана қаласында Маңғыстау облысының күндері өтеді.

  - Көрмеге 65 мың тұрғын қатысады, ал біздің маңғыстаулықтардың саны шамамен 700 мыңға жетеді. Барлығымыз бара алмаймыз, сондықтан «ЭКСПО» басталғанша тұрғындар үшін мәдени бағдарламаны ұйымдастыруды, сондай-ақ, аймаққа белгілі өнер иелерін шақыруды тапсырамын. Мысалы, бүкіл әлемге «Адай» күйін естірткен Димаш Құдайбергеннің концертін беруге болады. Сонымен қатар, халықаралық көрмеге қатысатын туристер мен бизнес-делегацияны Маңғыстау облысына шақыруды қарастыруды тапсырамын, - деді Ералы Тоғжанов. 

Қайнар көзі: mangystau.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 10603