ҚАЗАҚСТАН БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕТІН ИНВЕСТОР ЕЛДЕРДІ АЙҚЫНДАДЫ

Ұлттық Стратегияда инвестициялар тарту үшін басым елдер анықталған. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ҚР Үкіметінде өткен отырыста мәлімдеді.

«Экономикалық мүмкіндіктері ескеріле отырып, әлемнің 36 әлеуетті елі анықталды. Оның ішіндегі 11-і біз басымдық беретін елдер (АҚШ, РФ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, ҚХР, Жапония, Оңт. Корея, Түркия, БАӘ). Әр осы басымдық берілетін елдермен жұмыс істеу үшін СІМ-мен бірлесіп нақты іс-қимыл жоспары әзірленетін болады»,-деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Қазақстанның инвестициялық климатын жақсарту мақсатында министрлік алдын-ала болжауға болатын инвестициялық саясаттың ашықтығын арттыруға ниетті. Бұдан бөлек, қолданыстағы инвестициялық преференциялардың тиімділігіне сараптама жасалады.

«Визалық және көші-қон режимін, шетелдік жұмыс күшін тарту шарттарын, салық және кеден заңнамасын жетілдіру бойынша кешенді шаралар қарастырылады. Сондай-ақ, Қазақстанның «Doing Business» рейтингіндегі орынын көтерудің шараларын қабылдау жоспарланып отыр»,-деді министр.

Сонымен қатар, министрлік инвесторлардың құқығын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдірмек.

«Инвесторлар қауымдастығымен бірлесіп, инвестициялық омбудсмен институтын реформалау, инвесторлардың құқығын сот арқылы қорғауды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді. Сонымен қатар, шетелдік инвесторлардың АХҚО сот жүйесіне қол жетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігі қарастырылуда. Бас прокуратурамен бірлесіп, мемлекеттік органдардың инвесторлар қызметін тексеруді азайту жөнінде кешенді жоспар әзірленетін болады»,-деп мәлімдеді Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, инвесторлардың шағымдарын және мәселелерін қадағалап, жүйелі түрде анықтайтын жаңа құрал іске қосылатын болады. Егер, инвесторларда қандайда бір мәселелер туындаса осы ақпараттық жүйе тиісті мемлекеттік органдар мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне дер кезінде хабар беретін болады. 

Қайнар көзі: mid.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 4628