МАҢҒЫСТАУДА «АСАР» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ БАСТАЛДЫ

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Маңғыстаулықтарға  «Асар» қайырымдылық акциясын өткізуге үндеу тастады.

Акцияның мақсаты - халықтың әлеуметтік осал топтары: аз қамтылған отбасыларға, мүгедек балалары бар жанұяларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға және ҰОС ардагерлеріне көмек көрсету, олардың тұрмыстық-әлеуметтік қажеттілігін өтеу.

Өңір басшысы Ералы Тоғжанов қала мен аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына, «Атамекен» ҚР Кәсіпкерлерінің Ұлттық палатасы мен аймақтағы ірі компания өкілдеріне, кәсіпкерлерге осы акцияға атсалысуға шақырды. Сонымен бірге Маңғыстау тұрғындарына да Жаңа жыл алдында жаппай көмек көрсетіп, ізгілікті іс жасау туралы ұсыныс тасталды.

«Асар – бұл ертеден келе жатқан әдет-ғұрыптың бір түрі. Қол күшін керек ететін, көпшіліктің қатысуымен орындалатын жұмыс.  Қазақ ауылында бір отбасының қолынан келмейтін күрделі, көлемді жұмыстарды атқару үшін бірнеше ауылдың адамдары асарға шақырылған. Асарға шақырылғандар еңбегі үшін төлемақы талап етпейді. «Асар» халқымыздың бірлігін, көмек қолын беруге, жақын дос адамдарға қамқорлық жасайтынын көрсетеді.  Сондықтан барлық Маңғыстаулықтарды қайырымдылық акциясына қатысуға атсалысып, көмек көрсетуге шақырамын»,-деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қамқорлық жасау әр түрлі бағытта көрсетілмек: азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек және басқа да қажеттіліктерін алып беру.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі 

Желілерде бөлісу:

  • 5855