ТҮПҚАРАҒАН АУДАНЫНДА СҮТ ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылында түйе сүтін қайта өңдейтін сүт зауытының ашылуына қатысты.

Ауданға жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов тәулігіне 50 тонна өндірістік қуаты бар жаңа кәсіпорынды аралады. Жоба құны – 1,5 миллион доллар. Зауытта пастерленген түйе сүті, йогурт, ірімшік, шұбат, био кефир, био қаймақ, шалап, тан және тағы басқа өнім шығарылады. Мұнда 20 адам жұмыс істейді.

«Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020»бағдарламасы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және тұтастай алғанда агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған.Сондықтан, бірінші кезекте малдың санын көбейту және азық-түлік өнімдерін өндіру жобаларын жүзеге асыру қажет. Осы мақсатта инвесторлар тартуға және кәсіпкерлікті қолдауға қолжетімді несиелер беру жұмыстары қолға алыну керек. Сондықтан биылғы жылы елімізде алғаш рет  «Даму» қорымен бірлесе отырып шағын және орта бизнес жобаларына 1%-бен несие беруді бастаймыз», - деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар аймақ басшысы «Caspian Offshore Construction»ЖШС-ның жұмысымен танысты. 2003 жылы құрылған 100% қазақстандық кеме қатынасы компаниясы – Каспий теңізіндегі теңіз қызмет көрсету паркінің операторы. Компанияда 591 қызметкер бар, оның ішінде 389-ы экипаж мүшелері.Өткен жылдың соңында компания флот саны40 кемеге жетті, оның 19-ы «NСOС» -ке тиесілі.2018 жылы Каспий теңізінің қазақстандық секторында жұмыс істеу үшін компания тағы 7 кемені жұмылдыруға ниетті. Қазіргі таңда компания базасында болашақ теңізшілердің курсы ұйымдастырылып, онда жергілікті мектептердің 30 оқушысы білім алуда. 

Қайнар көзі: mangystau.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 6729