ҚҰРМЕТТІ МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР!

 
















Баршаңызды Астана күні мерекесімен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!

Қазақстан халқы үшін ерекше тарихи-мәдени маңызға ие бұл мейрам шын мәнінде Тәуелсіз мемлекетіміздің жетістіктерінің символына айналды.

 Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел астанасын Алматыдан Астанаға көшіру туралы тарихи шешімі мемлекет тағдырын айқындаған сенімді қадам болды. Замануи елорданың бастапқы жоба-жоспарын жасауға, ғаламат құрылыстар барысын тыңғылықты қадағалап, жүзеге асыруға Елбасының ерен еңбек сіңіргеніне жаңа тарихымыз куә.

Сырт көркі жаңа дәуір талабына лайық сән-сәулетімен көз қуантып, талайларды тамсандырған жас Астана небір әлемдік деңгейдегі оқиғалар өткен орталық ретінде танылып үлгерді. Жер-жиһан халқын алаңдататын бүгінгі заманның ең өткір мәселелерін талқылау, алыс-жақын аймақтарды жайлаған дау-жанжалдарды бейбіт келіссөз арқылы шешу жөнінде батыл бастамалар көтеріп, тараптарды түсіністік пен мәмілеге шақырып, ізгі ниетпен төрін ұсынған  бүгінгі Қазақстан астанасының халықаралық беделі асқақтай түсті.

Күн санап көркейіп, жайнай түскен Астана жастықтың, жасампаздықтың жарқын үлгісіне айналып, әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапты. Әсем қаламызды барша қазақстандықтар, соның ішінде киелі мекен Маңғыстаудың барша тұрғындары да мақтаныш тұтып, Елорда мерейін асқақтатуға адал еңбегімен өз үлестерін қосуда.

 Мемлекетіміздің тек әкімшілік орталығы ретінде ғана емес, мәдени, ғылыми-технологиялық дамудағы көшбасшысы ретінде болашаққа жол ашқан Астананың Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін өткізетін қала ретінде таңдалуы асқақ армандар мен асыл мұраттарды тоғыстырып, еліміздің  әлемдік аренадағы абыройын аспандатты. 

Қадірлі жерлестер!

Кеңбайтақ тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық тыныс-тіршілігіне қуат, халқымыздың рухани жаңғыруына серпін берер Елбасымыздың төл туындысы атанған әсем Астана жасай берсін! Барша Маңғыстау халқының атынан бүкіл отандастарымызды мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, бақытты өмір, әрбір отбасыға мол ырыс-байлық тілеймін!


Құрметпен,

Маңғыстау облысының әкімі  Е.Тоғжанов 

Желілерде бөлісу:

  • 6080