НИДЕРЛАНДИЯЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР ҚАЗАҚСТАНДА БИЗНЕСІН ӨРКЕНДЕТУГЕ ЫНТАЛЫ

Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов  Нидерланды Королдігінің Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстандағы төтенше және өкілетті елшісі Дирк Ян Копты қабылдады.

Кездесу мақсаты - Маңғыстау облысы мен Нидерланды Корольдігі арасындағы іскерлік байланыстарды нығайту. Жиында екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас, инвестициялық ахуал сөз болып, елші  экспортқа бейімделген Нидерландының кәсіпкерлері Қазақстанда бизнесін өркендетуге ынталы екендіктерін жеткізді.

Қос мемлекет  арасында сауда айналымы тұрақты.Ағымдағы жылдың қаңтар-қазан айларында Маңғыстау мен Нидерланды арасындағы сауда айналымы 141 млн. АҚШ долларын құраған. Оның ішінде 130,7 млн. АҚШ доллары экспортқа, 10,2 млн. АҚШ доллары импортқа тиесілі.

Экспортқа мұнай өнімдері, әскери кемелер мен ядролық реакторлар және ауыр техникалар тасымалданған.

Ал, импортқа буксирлер мен сүйрегіш кемелер, металл өнімдері және бояулар жеткізілген.

Бүгінде  Маңғыстау облысындағы 44 мекемеде  Нидерландиялық компаниялардың үлесі бар.  

 «Киелі Маңғыстау өңіріне қош келдіңіздер! Облыс инвесторлар тарапынан қызығушылыққа ие. Бұл бағытта қолдау көрсетуге дайынбыз. Экономикалық қатынас даммып, екі ел арасындағы ынтымақтастық нығая түсетініне сенімдімін» деген аймақ басшысы  Ералы Тоғжанов елшіге облыстың әлеуетін таныстырды.

Маңғыстау - Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жаңғыртуына елеулі үлес қосатын жетекші өңір. 

Аймақтың экономикалық дамуының басым бағыттары - көліктік-логистикалық, құрылыс, туризм, агроөнеркәсіп кешені және мұнай саласы болып табылады.

Өндіріс кәсіпорындарын құру үшін барлық қежетті жағдай жасалған. Өңірде «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді, Болашақта өңірде индустриялық аймақтарды құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жиын соңында екі елдің арасында жүзеге асырылатын жобалар талқыланды. 

Қайнар көзі: mangystau.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 4799