ҚҰРМЕТТІ МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР!

рус/eng

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдық мерекесі құтты болсын!

Жеңіс күні - ортақ тарихымызда мәңгілік өшпестей жазылған Ерлік пен Даңқтың, Азаттық пен Абыройдың, Елдік пен Еңбектің мерекесі!

Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстағы аталарымыз бен әкелеріміздің батырлығы мен жанқиярлығы, олардың өз Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі ұрпаққа үлгі-өнеге болды. Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ ұлтының өкілдері аңызға айналған ерен ерліктерімен жауға қарсы тұрып тойтарыс берді. Сөйтіп, Жеңіс туы желбіреуіне өлшеусіз үлес қосты. Ұлы Отан соғысының шежіресіне Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың, Қасым Қайсенов пен Мәлік Ғабдуллиннің, Бауыржан Момышұлы мен  Талғат Бигелдиновтың, Рахымжан Қошқарбаев пен Төлеген Тоқтаровтың, маңғыстаулықтар Исатай Сүйеубаев, Мәди Бегенов, Жұмағали Қалдығараев, Біләл Қалиев  және басқа мыңдаған батыр жерлестеріміздің аттары алтын әріптермен  жазылды. 

Бейбітшіліктің қадірі мен құнын от пен оқ кеше жүріп жанымен сезінген сұрапыл соғыс сарбаздарының кейінгі ұрпаққа сыйлаған баға жетпес бақытын қастерлеу, Отан үшін қан майданда жан қиғандарды, күн-түн демей тылда ауыр бейнетпен еңбек еткендерді еске алып, олардың рухтарына бас иіп, тағзым ету, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін аянбай қызмет ету –  парызымыз. Ешқашан да жауынгер ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің ерен ерлік істері  ұмытылмайды. 

Өкінішке қарай,халқымызға бейбіт өмірді әкелген ардагерлеріміздің саны жылдан-жылға азайып барады. Арамызда аман жүрген көзі тірі соғыс куәгерлерін сый-құрметке бөлеп, барлық жағдайын жасауға мемлекеттік деңгейде мән берілген. Қадірменді қарттарымызға денсаулық, отбасыларына амандық, баянды бақыт тілейміз.

Жеңіс мерекесі құтты болсын! Елімізге ашық аспан, бейбіт те бақуатты өмір, әрбір шаңыраққа мол дастархан, бақ-береке, шуақты күндер нәсіп етсін!

Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов 

Желілерде бөлісу:

  • 6988