ҚАЗАҚСТАН МЕН ИРАННЫҢ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

рус/eng

Кездесу барысында екі елдің экономиканың түрлі салаларында, ауыл шаруашылығында, энергетикада, жер қойнауларын пайдалану мен өнеркәсіп саласында, көлік пен логистикада, машина жасауда ынтымақтастық орнату, сонымен қатар индустриалды-инновациялық даму аясында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Әңгімеге орай, ҚР Премьер-Министрі ЕАЭО елдері мен Иран арасында жуырда қол қойылған Еркін сауда аймағын құру жөніндегі Уақытша келісімнің маңыздылығын атап өтті.

Бұл келісім артықшылықты сауда режимін орнатуға бағытталған және ДСҰ мен халықаралық құқық нормаларына негізделген, бұл елдер арасындағы өзара сауда-саттықтың тұрақты шарттары мен ережелерін тудырады. 

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында, атап айтқанда, майлы дақылдар мен оларды өңдеу өнімдерін, бұршақ дәнділер мен мал азығы дақылдарын жеткізу бойынша өзара әрекеттестік перспективалары талқыланды.

2017 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Иранға жалпы сомасы $169,9 млн-ға 979,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталған.

Бұдан өзге, «Джехаде сабз» аса ірі ирандық холдингпен алма бағын өсіру және АӨК саласындағы бірлескен кәсіпорындар құру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі кезде ирандық инвестордың қатысуымен Алматы облысында ет өңдеу кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Жер қойнауын пайдалану саласында ынтымақтастық үшін тамаша алғышарттар бар. Бүгінгі таңда Борлы кен орнында мыс дайындау жобасы бойынша «Каванд Нахан Замин» компаниясының инвестициялары ойдағыдай тартылған, бұл кен орнына осы кезге дейін $1 млн астам қаржы құйылды.

Бұдан өзге, «Asia Copper» ЖШС және Иранның «Gadir» компаниялары арасында белсенді ынтымақтастық жүргізілуде. «Персиан Гадир Қазақстан компани» бірлескен кәсіпорны құрылған.

Бүгінгі таңда темір жол арқылы транзитпен жүк тасымалдау көлемінің ұлғайғаны байқалады. Мәселен, 2017 жылы тасымалдар көлемі 228,56 мың тоннаны құрады. 2018 жылдың 2 айының қорытындысы бойынша оң қарқын белгіленді. Қазақстаның темір жолы арқылы транзитпен жүк тасымалдау көлемі 75,77 мың тоннаны құрады. ҚР мен ИИР арасындағы экспорттық-импорттық жүк тасымалы саласында да өсім байқалады.

Иранның Бандер-Аббас теңіз портында жүк терминалдарын салу жобасын іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған жобаны сәтті жүзеге асыру екі жақты қарым-қатынасты дамытуға қосымша серпін береді.

Мемлекет басшысының Иранға жасаған ресми сапары аясында Жібек Жолы бағытын бірлесіп дамыту туралы келісімге қол жеткізілгенін атап өту керек. Қазақстан осы бағыттағы жұмысты жеделдету және өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын іздестіру үшін бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынады.

Сонымен қатар, әңгіме барысында түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Анықтама: 2018 жылдың қаңтар–ақпан айларында тауар айналымы $127 млн құрады, бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 75%-ке жоғары ($72,7 млн). 2018 жылдың қаңтар–ақпан айларында Қазақстаннан Иранға экспорт көлемі 67%-ке өсіп, $110,1 млн құрады. Ираннан Қазақстанға импорт 2018 жылдың қаңтар–ақпан айларында 138%-ке өсіп, $16,9 млн құрады. 2005 жылдан 2017 жылға дейінгі кезеңде Ираннан ҚР-ға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны $118,7 млн құрады, осы кезеңдегі шығыс $10,2 млн құрады. ҚР-да 231 бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр.

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 4986