ПАРИЖДЕ І ҚАЗАҚСТАН–ФРАНЦИЯ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

рус/eng

Форумға ФР Еуропа және сыртқы істер министрлігінің (ЕСІМ) Мемлекеттік хатшысы Жан-Батист Лемуан, ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ерлан Қайыров, ҚР Франциядағы елшісі Жан Ғалиев, Францияның ҚР-дағы елшісі Филипп Мартине, Kazakh Invest басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев, сонымен қатар екі елдің бизнес-қауымдастықтарының өкілдері қатысты.

Форумның ашылуында елші Жан Ғалиев франциялық қатысушыларды Қазақстан Президентінің Астана экономикалық форумында сөйлеген сөзінің, «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауы және «Бес әлеуметтік бастамасының» халықаралық бизнес үшін қызықты тұстарымен таныстырып өтті. 

Өз кезегінде Ерлан Қайыров өткен жылы шетелдік инвестициялардың шамамен төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталғанын мәлімдеді.

«Бұл Қазақстанның мұнай өнеркәсібінен басқа салаларда да тартымды бола бастағанын білдіреді. Біз халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейміз, өткен жылы Қазақстан ЭЫДҰ Инвестициялар комитетінің мүшесі болды», — деді Е. Қайыров.

Сонымен қатар, Жан-Батист Лемуан Қазақстанмен әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.

«Біз Қазақстанмен стратегиялық әріптестік туралы айтқанымызда, бұл үлкен іске асады деп айта аламын. Бұл әріптестікке жаңа дем беріп, экономикалық, саяси ерекшеліктерді ескере отырып, нығайту керек. Қазақстанның жекешелендіру бағдарламасы – бұл өте қызықты тақырып. Ұсынылып отырған қазақстандық ынтымақтастыққа үн қата алатындай Францияда құзыреттілік бар деп ойлаймын», — деді Жан-Батист Лемуан.

Kazakh Invest басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев Орталық Азия елдерінің ЖІӨ-не инвестициялардың ⅔ жуығы Қазақстанға келетінін атап өтті. Сонымен қатар ол шетелдік инвесторларды қолдаудың қолданыстағы тетіктері, соның ішінде АХҚО-ның қаржылық құралдарының кең спектрі арқылы қолдау туралы айтты.

Kazakh Invest ақпараты бойынша, қазіргі таңда Қазақстанда жұмыс істеп жатқан әлемдік компанияларға 500 млн-нан астам адамнан тұратын нарық қолжетімді. Қазақстан арқылы құрамына бес теміржол және алты автомобиль халықаралық бағдарлары, соның ішінде заманауи трансконтиненталдық «Батыс Еуропа — Бастыс Қытай» автомагистралі енетін мультимодалдық Еуразия көлік дәлізі өтеді.

«Біздің көлік дәліздеріміз Азиядан (Ляньюнгань порты, Қытай) Еуропаға (Дуйсбург порты, Германия) немесе кері қарай шамамен 10-15 күн ішінде жүк жеткізуге мүмкіндік береді, бұл теңізбен тасымалдауға қарағанда екі-үш есе тезірек. Контейнерлік тасымалдаулар екі есе өсті деп айта аламын», — деді С. Тұяқбаев. 

Франция бизнесмендеріне экономиканың ұлттық стратегияға сәйкес басым салаларындағы 50 тауашалық жоба ұсынылды. Аталған инвестициялық ұсыныстар Deloitte компаниясымен бірлесіп әзірленген.

Бұдан өзге, форум аясында «Қазақстан «Жаңа Жібек жолында» инвестициялар және экспортқа арналған платформа ретінде», Қазақстанға шетелдік инвестициялар тарту құралдары», сондай-ақ «Экономиканы цифрландыру» сессияларында талқылаулар өтті.

Сонымен қатар инвестициялық форум аясында ECM Technologies және «Қазатомөнеркәсіп» арасында Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Анықтама: Бүгінде Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің тізімінде Франция бесінші орынға ие, ал француз компаниялары еліміздің экономикасының аса ірі  инвесторларының қатарында. Қазақстанда жоғары технологиялық жобаларды іске асырып жатқан «Тоталь», «Арева», «Данон», «Викат», «Пежо», «Альстом» компанияларын және т. б. қосқанда Франция капиталының қатысуымен 130-дан аса кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. ҚР-ға француз капиталының салымы 2005  жылдан  бастап 2017 жылғы қыркүйекке дейін $13,9 млрд құрады. Қазақстаннан Францияға тікелей шетелдік инвестициялар ағымы осы кезең ішінде $29,6 млн құрады.

Қазақстан мен Франция арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімшартқа (2008 ж.) қол қойылған сәттен бастап, екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі $43 млрд аса соманы құрады. Қазақстандық экспорттың негізгі түрлері — мұнай, металл және металл өнімдері, сонымен қатар химиялық өнеркәсіп өнімі. Қазақстан Франциядан электрлік, электрондық және механикалық жабдықтар, тұтыну тауарларын, дәрі-дәрмек пен косметика, автомобиль, азық-түлік, құрылыс материалдарын импорттайды.

Қайнар көзі: primeminister.kz

 

Желілерде бөлісу:

  • 6587