ҚҰРМЕТТІ МАҢҒЫСТАУЛЫҚТАР!

Сіздерді 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні – тарихы тереңде жатқан Ұлы Даланың  өз алдына дербес елдігі мен егемендігінің ақиқаты. Бұл күн – бостандық пен теңдіктің, мызғымас елдіктің мәңгі өшпес айнасы, әлемдік аренада беделді орынға жайғасқан Қазақстанның басты жетістігі.

Елбасымыз атап өткендей, «Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Әулетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Біздің баға жетпес байлығымыз - береке-бірлігіміз».

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көрегенділігінің арқасында осы 26 жылда еліміз биік белес, асқар асуларды алып, толайым табыстарға қол жеткізді. Президенттің бастамасымен ел экономикасының дамуына орай қай салада болмасын жаңа серпілістер мен тың бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Ағымдағы жылдың 6 желтоқсан күні Жалпыұлттық телекөпір аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Республикада 25 жаңа өндірісті іске қосты. Оның төртеуі Маңғыстау облысында ашылды. Құрық паромдық кешенінің екінші кезеңі аяқталып, пайдалануға берілді. «Арселор Миттал» компаниясының түйістіріп дәнекерлеу құбырларын өндіру цехы мен Ақтау трансформатор зауыты ашылды. Сонымен бірге, "Шетпе-Ақтау" автомобиль жолының құрылысы ел игілігіне айналды. Жуырда ғана бәріңізге мәлім, Маңғыстау облысында «Нұр капитал» жобасының тұсауын кестік.

Жыл басынан бері Маңғыстауға 382 млрд.теңге инвестиция тартылған, бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 420 млрд.теңгеге жетеді деп күтілуде.Аталған жобалардың жемісті жүзеге асуы еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасы деп білемін.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы да баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Маңғыстау облысының әкімі

Ералы Тоғжанов 

Желілерде бөлісу:

  • 5908