ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛМЕЙ ОТЫР

Ең  алдымен облыс басшысы Ералы Тоғжанов облыстық әділет басқармасының басшысы Бақтыгүл Атағазиеваны ҚР Әділет министрлігі тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің басшысы қызметіне тағайындалуымен құттықтады. Сондай-ақ Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған Құрманбек Жұмағалиды таныстырды.

Жиында облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев ағымдағы жылдың 5 айында жасалған жұмыстардың есебін берді.

–Индустриалдық даму саясаты, өнеркәсіп секторын және халықаралық қатынастарды дамыту бағытында жұмыс жасайтын басқармаға 336 млн.теңге қаражат бөлінді. Статистика департаментінің деректеріне сәйкес негізгі капиталға салынған инвестиция көрсеткіші 2017 жылдың 5 айы қорытындысы бойынша 190 млрд. теңгені құрап, 2016 жылғы қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда нақты көлем индексі 120,2%-ды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облысымыз 3- орында. Жан басына шаққанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлем индексі 117,3%-ды құрап, елімізде 2- орыннан көрінді. Қалалар мен аудандарға тоқталсақ, негізгі капиталға салынған инвестициялар 2017 жылдың 5 айы бойынша Ақтау қаласы – 14,3%, Жаңаөзен қаласы –7,0%, Қарақия ауданы – 52,4%, Түпқараған ауданы – 8,6%, Маңғыстау ауданы –7,5%, Бейнеу ауданы – 6,0% және Мұнайлы ауданы –4,2 %- ды құрап отыр,  – деді Нұрбек Қарасаев.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемінің төмендеу себептерін сұрады. Нұрбек Қарасайұлы өндірістік компаниялардың салымдарының төмендеуімен байланыстырды. Аймақ басшысы инвестициялық саясаттың жүйелі жүргізілмей отырғанын жеткізді.

Негізгі капиталға салынған инвестицияларды салу бағыттары бойынша басым көпшілігі өнеркәсіп саласына салынған инвестиция 127,7 млрд. теңге (67,2%), жылжымайтын мүлікпен жасалған операцияларға салынған инвестиция көлемі 39,8 млрд. теңге (21,0%), көлік және қоймалау операцияларына салынған инвестиция көлемі 16,8 млрд. теңге (8,8%), өнер, ойын-сауық және демалыс саласына салынған инвестиция көлемі 2,1 млрд. теңге (1,1%), құрылыс саласы бойынша 702 млн. тенге, қалғандары 2,9 млрд. теңгені құрайды (1,5%).

–Кәсіпкерлікті қолдау картасына жаңа жобалар енгізіліп отырады. Бүгінгі күнге дейін картаға 24 жоба енгізілді. Жобалардың жалпы құны 500,1 млрд. теңгені құрайды. Жоспарланған жұмыс орындар саны 3 263. 24 жобаның ішінде 8 жоба шетелдік инвесторлардың үлесімен жүзеге асырылуда. 2016 жылы 4 жоба толық іске қосылды, 2 жоба бойынша 1-ші кезеңдері іске қосылған болатын. Жалпы 6 жоба бойынша инвестиция құны 109,4 млрд. теңге және 426 жаңа жұмыс орындары құрылды.2017 жылға 5 жобаны толық, 3 жобаның 1-ші кезеңдерін іске қосу жоспарланған, барлығы осы жылға 8 жоба жоспарланып отыр. Жобалардың жалпы құны 57,4 млрд. теңге, 494 жаңа жұмыс орындары құрылады. Бұл жобалардың 2-еуі іске қосылды. «Керамзит Ақтау» ЖШС «Керамзит тасын өндіру зауытының құрылысы»,  «Шыныпластикалық құбырлар зауыты» ЖШС, «3-ші шыныпластикалық құбыр мен фитингілер шығару цехының құрылысы». 2018 жылы 3 жобаны толық іске қосу жоспарланып отыр, инвестиция құны 19,6 млрд. теңге, 125 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланған, –дейді Нұрбек Қарасаев.

Индустриалды-инновациялық даму басқармасының жұмысындағы кемшіліктерді алға тартқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов облыстағы барлық құрылымдардың қызметін қайта қарауды, аудан, ауыл әкімдеріне жаңа жобаларды жүзеге асыруды жүктеді. Сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік және сауда, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармаларының жұмыстарын қайта қарауды, нақты қандай қызметпен айналысып отырғанын анықтауды, қажет болса екі басқарманы қосуды ұсынды. Бұл  жұмысты осы аптаның аяғына дейін талдау жасауға облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашевке тапсырды.

Қайнар көзі: mangystau.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 6264