АҚТАУДА ЛИТВА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КОНСУЛДЫҒЫ АШЫЛДЫ

Екіжақты кездесу барысында Маңғыстау облысы мен Литва қалалары арасындағы өзара қарым-қатынасты кеңейтудің жолдары талқыланды.

- Ақтау қаласынан Литва Республикасының ресми консулдығының ашылуы маңғыстаулық және литвалық іскер орталардың арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа жаңа серпін береді. 2016 жылы Литва мен Маңғыстау өңірі арасындағы сауда айналымы 35 млн. АҚШ долларын құрады. Болашақта бұл көрсеткіштің бірнеше есеге артатынына сенімдімін. Бүгінгі таңда біздің алдымызда туризм саласы мен ауыл шаруашылығын жедел түрде дамыту, көлік логистикасын кеңейту міндеттері тұр. Литвалық бизнесмендерді бұл бағыттар қызықтырады деп ойлаймын, - деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.

Литва Республикасының Маңғыстау облысындағы құрметті консулы болып Марат Орманов тағайындалды.

- Әлем тағы да Ұлы Жібек жолында жолықпақ, ал Ақтау сол болашақ жолдың қиылысында орналасады. Бүгінде Литва Республикасы мен Маңғыстау облысының ынтымақтастығы әртүрлі бағыт бойынша: дүкендерге шикізат жеткізуден бастап құрылыс материалдарына дейін жүргізіледі. Логистика мен туризм саласын дамытудың әлеуеті зор. Құрметті консулдықтың ашылуы және Маңғыстау облысындағы консулдың тағайындалуы Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени және сауда-экономикалық қатынастарды нығайту жолындағы сенімді көпір болады, - деді Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Витаутас Наудужас.

Литва Республикасының Құрметті консулдығы «Қазмортрансфлот» Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясының» ғимаратында орналасқан.

 Қайнар көзі: mangystau.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 5340