БЕЙНЕУ АУДАНЫНДА «БИЗНЕСТІҢ ЖОЛ КАРТАСЫ 2020» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША 188,9 МЛН. ТЕҢГЕГЕ 8 ЖОБА НЕСИЕЛЕНДІ

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» жолдауында кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет екені айтылған.

Осыған орай Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Бейнеу ауыл шаруашылығы кооперативі» АӨК өндірістік кооперативінің жұмысымен танысты. Кооперативтің құрамында мал сою алаңы, ет өндіру, ветеринариялық зертхана және мал базары бар.  Шаруашылық етті дайындау және ет өнімдерін экспорттаумен қатар, мал бордақылаумен  айналысады. Ол заманауи мал сою құралдары, мұздатқыштар және ет турағыштармен жабдықталған. Цехтың өндіріс қуаттылығы тәулігіне 4 тонна.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі 1643 тұрғыны бар Сарға ауылының әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысты.

«Елбасының алға қойып отырған тапсырмаларының бірі – шағын және орта бизнесті дамыту. Осы бағытта 1 %-бен несие беретін «Нұр капитал» жобасын іске қостық. Бейнеу ауданы да бұл бағдарламадан шет қалмайды. Ол облыстағы әр аудан мен ауылдарға жетуі тиіс. Сондай-ақ,  ауылшаруашылығы саласында да субсидиялау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондықтан мемлекет ұсынған мұндай мүмкіндіктерді халық біліп, естіп қана қоймай, тиімді пайдалана білуі де керек», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

2017 жылы Бейнеу ауданында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 188,9 млн. теңгеге 8 жоба несиеленіп, ашылған жұмыс орны 7,7 есеге көбейді.Бейнеу селосы көшелеріне электр желілерін тарту жұмыстарына жергілікті бюджеттен 79,5 млн. теңге, Төлеп және Есет селоларынан Бейнеу селосына дейін жоғары кернеулі электр желісін тарту жұмыстарына – 100,0 млн теңге, Бейнеу селосында сыртқы жарықтандыру жұмытсраны – 6,9 млн теңге бөлінді. Барлық нысандар бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аймақ басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелі сұрақтарды талқылап, жауапты органдарға тапсырма жүктеді.   Соның бірі – Бейнеу ауданындағы ауылдың ішкі жолдары. Ералы Тоғжанов ауыл ішіндегі 9 км көлік жолына қаржы қарастыруды тапсырды.

 Бейнеу – мал шаруашылығы дамыған аудан. Алайда мал өсімі жақсы болғанымен, ет тапсыратын орын болмай отыр. Бұл да тұрғындар көкейіндегі сауалдардың бірі. Облыс әкімі ет өнімдерінен консервілер дайындап шығаратын зауыт, Агро несие корпорациясының негізінде бордақылау орталықтарын құрып, цех ашу сынды ет өткізудің бірқатар жолдарын қарастыру керек екенін атап өтті.

  Елбасы Жолдауында ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін үкімет тарапынан тиісті деңгейде қолдау көрсетілетінін атап айтты. Осы тұрғыда Ералы Тоғжанов ауыл-аймақты аралап, ауызсу мәселесін шешудің оңтайлы жолдарын қарастырды.

«Ауылшаруашылықтың ұлғаюына байланысты соңғы 6 жылдың ішінде 20 млн 600 мың теңге несие алынды. Олар бүгінде өз істерін дамытып, аудан экономикасының өсуіне үлестерін қосуда. 2017 жылы Сарға ауылынан «Бастау бизнес» бойынша 7 адам оқытылып, сертификат алды. 2 адам 5 млн.-нан астам несие және ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қорынан 3 млн. теңге жеңілдік пайызбен несие алып, мақсатына пайдалануда. Ауыл жастары биыл да кәсіпкерлікке оқуға ұсыныс білдіруде», - деді Сарға ауылының әкімі Марат Болысов. 

Қайнар көзі: mangystau.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 6390