АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл «Ақтау теңіз айлағы» арнайы экономикалық аймағында жалпы құны 5 млрд. теңгені құрайтын 5 жоба іске қосылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті.
«Бүгінгі таңда Ақтау теңіз портында жұмыс істеп тұрған 5 инвестор 9,5 млрд. теңге салық төлеуі тиіс және біз жыл соңына дейін шамамен 5 млрд. теңге сомаға тағы 5 жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз», - деді вице-министр.
Оның атап өтуінше, аталған арнайы экономикалық аймақтық инфрақұрылымы тек 2009 жылы ғана салына бастаған.
«Аумағы 200 гектарды құрайтын алғашқы алаңды біз тек 2012 жылы ғана тапсырдық. Бұл мақсатқа 7 млрд. теңге бөлінді. 2015 жылы жалпы сомасы 13,4 млрд. теңгені құрайтын тағы 9 жобаны іске жосу жоспарлануда. Біздің ойымызша, 2-3 жылдың ішінде алғашқы алаң инвесторларға лық толатын болады», - деді Е.Сағадиев.
Автор: Марлан Жиембай