ҚР ҮКІМЕТІНДЕ ҚАЗАҚСТАНҒА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

 

Бүгін «Үкімет үйінде» өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында бірқатар мәселе, оның ішінде елімізге инвестиция тартудың жай-жапсары талқыланды. Аталған мәселе бойынша ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

«Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жалпы тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі 25,8%-ға өсіп,9,3 млрд. долларды құрады. Бұл инвестициялардың 60%-ға жуығы кен өндіру өнеркәсібі, 15%-ы - өңдеу өнеркәсібі, 9%-ы - сауда және 5%-ы - құрылыс салаларына тиесілі (12% - басқа салалар)-деп атап өтті министр. Өңдеу өнеркәсібіне тікелей шетелдік инвестициялар өткен жылғы деңгейде тартылды (0,9%-ға төмендеді немесе 1,37 млрд. долл. 1,36 млрд. долл. дейін). Бұл салаға салынған инвестициялардың 88%-ын құрайтын металлургия өнеркәсібі 26,5%-ға өсті. Бұдан басқа химия (8,4 есе) және фармацевтика (4,2 есе) сияқты өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларында да едәуір өсім байқалды.

2010 жылға дейін тікелей шетелдік инвестициялардың басым бөлігі, яғни үштен екісі (2/3) кен өндіру өнеркәсібіне тартылып келген болса, Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру мерзімінде өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялардың үлесі 1,5 есеге өскенін атап айтқан жөн (9%-дан 15%-ға дейін).

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымымен (бұдан әрі – Ұйым) бес жыл тұрақты бірлескен жұмыстың арқасында ағымдағы жылдың қазан айында Қазақстанда аталған Ұйымның Инвестициялар комитетіне қатысушы ретінде қабылдауға ұсыныс берілді. Ұйымның кеңесінде қаралуда. Бұл Қазақстанға деген үлкен сенімнің белгісі және еліміздің инвестициялық ахуалының әлемдік стандарттарға сәйкестігінің көрсеткіші.

ЭЫДҰ ұсыныстарына сәйкес, бүгінгі таңда инвесторларды тартудың 3 деңгейлі жүйесі құрылды:

Сыртқы деңгейде басымдық берілетін 10 елде инвестиция тарту жөніндегі кеңесшілер айқындалды (АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Оңтүстік Корея, Иран, Жапония, Германия, Франция, ҚХР, Үндістан). Сонымен қатар,  шетелде «KaznexInvest» АҚ-ның 5 аймақтық фронт-офисі ашылды (АҚШ, Германия, Түркия, БАӘ, ҚХР).

Орталық деңгейде Қазақстан Республикасы Премьер-министрі жанынан инвесторлардың жүйелік мәселелерін шешу үшін Үкіметтік кеңес құрылған (Инвестициялық штаб).

Аймақтық деңгейде облыс әкімдерінің басшылығымен инвестиция тарту жөніндегі Кеңес құрылған.

Бюрократия мен жемқорлықтың ықтималдарын азайту мақсатында биыл барлық инвесторлар үшін «бір терезе» қағидаты енгізілді (300-ден астам мемлекеттік қызмет). Қазақстан бойынша Мемлекеттік корпорациялар жанынан «Үкімет азаматтар үшін» деп аталатын 19 инвесторға қызмет көрсету секторлары ұйымдастырылды. «Бір терезе» үлкен сұраныспен қолданылып жатыр. Бүгінгі таңда 3500-ден астам кеңес беріліп, 3400-ден жоғары мемлекеттік қызмет көрсетілді. 2017 жылы «бір терезе» электронды форматқа көшеді.

Мемлекет басшысы сапарларының қорытындысы бойынша көптеген әлеуетті инвесторлармен келісімдерге қол жеткізілді.  Кейбір елдермен инвестициялық жобаларды тұтас жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойылды. 300-ден астам жобаны қамтитын шетелдік инвесторлармен болған барлық келісімдерді бақылау үшін арнайы база құрылды. Олардың ішінде 30 млрд. доллардан астам қаржыны құрайтын белсенді 220 жоба бар.  Сонымен қатар, 25 трансұлттық компания мен «зәкірлік» инвесторлар бар.

Сондай-ақ, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісіне, тағы да басқа салаларға 5 зәкірлік инвестор тарту бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Биыл жұмыс істеп жатқан 7 инвестор, оның ішінде 4 ТҰК (Кока-Кола, Тикурилла, Эджибаши, Басф) құрылыс материалдарын шығару, фармацевтика, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларында жаңа өндірістер құру үшін қайтадан инвестиция салды.

2016 жылдың соңына дейін жұмыс істеп жатқан 6 инвестор жаңа өндірістерге қайта инвестиция салуды көздеп отыр.

Үкімет отырысында инвестициялық ахуалды жақсарту, арнайы экономикалық аймақтардың және индустриялдық аймақтардың жұмысын жетілдіру, инвесторларға қызмет көрсететін орталықтар құру бойынша бірқатар ұсыныстар мен шаралар ортаға салынды. 


Қайнар көзі: invest.mid.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 5341