Маңғыстау облысында құрылыс индустриясын дамыту және жергілікті өндіріс көлемін арттыру бағытында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан «KazEcoBuild» кәсіпорны. Компания өңірдегі құрылыс нысандарына қажетті газоблок өнімдерін шығарып келеді.
Компания 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде өндіріс орнында 10-нан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын тәулігіне 30-40 текше метр газоблок өндіреді.
Өндірісте отандық шикізатты пайдалануға басымдық берілген. Негізгі компоненттердің бірі – цемент Маңғыстау облысынан алынады, ал арнайы химиялық қоспалар Беларусьтен жеткізіледі.
Газоблок өндіру технологиясы төрт негізгі кезеңнен тұрады. Алдымен цемент, кварц құмы, су, әк және көбіктендіргіш компоненттер белгіленген пропорция бойынша араластырылады. Дайын қоспа арнайы қалыптарға құйылып, химиялық реакция нәтижесінде газоблокқа тән кеуекті құрылым қалыптасады. Кейін материал қажетті беріктікке жеткен соң арнайы құрылғы арқылы белгіленген өлшемдерге сәйкес кесіледі. Соңғы кезеңде дайын өнім сапа бақылауынан өтіп, құрылыс нысандарына жөнелтіледі.
Кәсіпорын мамандарының айтуынша, газоблоктың құрылыс саласында кеңінен қолданылуына оның салмағының жеңілдігі мен жылуды жақсы сақтау қасиеті әсер етеді. Әсіресе монолитті құрылыс нысандарында мұндай материалдарға сұраныс жоғары.
«Газоблок өндіріп, оны Маңғыстау өңіріндегі құрылыс нысандарына жеткіземіз. Монолитті үйлерді тұрғызуда газоблок кеңінен қолданылады. Өңірімізде таралған ракушняк тасымен салыстырғанда, газоблоктың салмағы жеңіл. Сондай-ақ оның жылуды жақсы сақтау қасиеті бар», – деді құю бөлімінің операторы Ақылбек Құдайберген.
Кәсіпорын өкілдерінің мәліметінше, өңірдегі құрылыс көлемінің артуына байланысты газоблокқа деген сұраныс та жыл сайын өсіп келеді.
«Өңірдегі көптеген құрылыс алаңдары осы материалды қажет етеді. Қазіргі уақытта тәулігіне 30-40 текше метр өнім шығарамыз», – деді кәсіпорын операторы.
Алдағы уақытта компания өндіріс қуатын арттырып, құрылыс материалдарының басқа да түрлерін шығаруды жоспарлап отыр. Жаңа өндірістік бағыттарды іске қосу арқылы қосымша жұмыс орындарын ашып, Маңғыстау облысының құрылыс индустриясын дамытуға үлес қосу көзделген.



__e74315f122e15068d904553335e2083d.jpeg)

__9103aee4e61a774dc94839f3dd456f44.jpeg)
__00e1375a2af2a0b0e14dad08fbab07ec.jpeg)
__945a5c7493a1a26e940cd366667b640a.jpeg)
__2cd2e2ef5f0cff86263772333a851f89.jpeg)
__a5d0fe160636650c01aeb41e5546791f.jpeg)
__df317361bd89ab5adc74d3c1ffece200.jpeg)
__5803d30b6a35d6cdd75d2df1c460ceed.jpeg)









