Маңғыстауда су тұшытатын зауыт, қоқысты кәдеге жарататын кәсіпорын мен ірі қара етін өңдейтін цех салуға мүдделі инвесторлар бар. «СITIC GROUP» корпорациясының өкілдері жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
«Маңғыстау облысы әкімдігі қытайлық инвесторлармен экономиканың сан түрлі саласында сенімді серіктестік орнатып келеді. Мәселен, жыл басынан бері азоттық тыңайтқыштар және метанол өндіру жобасы бойынша «Иннер Монголия Берун Холдинг», теңіз инфрақұрылымын дамыту және жел стансалары құрылысы жобасы бойынша «Сани Груп», Шетпе ауылында күн электростансасы құрылысын жүргізіп жатырған «Норт Вэст Пауэр Констракшн», Ақтау қаласын жарықтандыру жобасына жауапты «Хуаминг Гуандонг» компанияларымен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Бүгінгі таңда Қаражанбас кенорнында су тұщыту зауытын салу жобасы іске асыру көзделген»,-деді облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы.
Кездесуде тараптар өңірдің туризм мәселесін дамытуды талқылап, ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеуді көздейтіндігін жеткізді. Айта кетсек, Ситик Груп корпорациясы халық шаруашылығы саласында 56 бағытта жұмыс істейді.
Облыс әкімі Кендірлі аумағында жаңа жобаларды жүзеге асыру маңыздылығына тоқталды.
«Саябақ туралы жоба жайында ойлану қажет. Инвестициялық әлеуеті зор аумақтарда жұмыс жандануы тиіс. Жұмыс топтары құрылып, жоба бақылауға алынсын. Ет өңдеу, күл-қоқысты кәдеге жарату жобалары да өте маңызды»,-деді облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы.
Қайнар көзі: mangystau.gov.kz