АҚТАУҒА ТҮРІК БИЗНЕСМЕНДЕР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ КЕЛДІ

Делегацияны Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Түркиядағы әскери атташесінің көмекшісі, подполковник Файзулла Пирназаров басқарды.

Кездесуде Маңғыстау мен Түркия арасындағы салалық ынтымақтастықты нығайту, кәсіпкерлік саласын дамыту мәселелері талқыланды.

2019 жылдың 10 айында Маңғыстау мен Түркия арасындағы тауар айналымы 260 миллион долларды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 21 есе көп. Маңғыстау облысында экономиканың түрлі салаларында түрік капиталының қатысуымен 74 бірлескен кәсіпорын тіркелген, оның ішіне бағалы металдар мен асыл тастардың көтерме саудасы, тау-кен өндіру саласы және азаматтық құрылыс техникасымен көтерме сауда, құрылыс тасын өндіру, құрылыс, мейрамханалар мен азық-түлік өнімдерін жеткізу және туристік бағыттағы қызметтер кіреді.

- Түрік кәсіпкерлері өңірдің инвестициялық тартымдылығы туралы хабардар болды. Бес елмен шекаралас Маңғыстау түбегі Көлік логистикасы саласындағы өте ыңғайлы аймақ болып табылады. Әуе, темір жол, кеме қатынасы жолдары және автомобиль жолдары дамыған. Құрық порты арқылы Қытай, Орта Азия елдері, Ресей, Түркия және Еуропаға тауарларды тасымалдау бойынша тікелей жол ашылды. Туризм саласы: жағажай, этникалық, мәдени, экотуризм және қасиетті орындар. Қазіргі уақытта теңіз жағалауында инвесторларға ұсынылатын инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген бос орындар бар, - деді қалалық әкімдікте.

Мемлекет қонақ үй кешендері мен аквапарктер салуға ниет білдірген кәсіпкерлерді салықтан босатады. Инвесторларға "Ақтау теңіз порты" арнайы экономикалық аймағы туралы да айтылды.

Қазір 29 инвестициялық жоба іске асырылып жатқан өңірде өндіріс үшін жер учаскелері, инфрақұрылым, шетелдік жұмыс күшін тартудың қарапайым рәсімі, салық және кеден баждарын төлеу бойынша жеңілдіктер қарастырылған.

Маңғыстау тарапы қонақтарға логистикалық орталықтар, ірі жүктер мен контейнерлерге арналған теңіз терминалы, жел электр станциясы, көп бейінді қалалық аурухана, қонақ үйлер, санаторийлер, жылыжай, құс шаруашылығы, балық, теңіз өнімдері өндірісі және құрғақ түйе сүтін өндіру зауыттары құрылысы бойынша инвестициялық жобаларды ұсынды.

Қайнар көзі: lada.kz 

Желілерде бөлісу:

  • 6158