ҚАЗАҚСТАН МЕН КАТАР САУДА ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТЕДІ

Бизнес форумды Қазақстан тарапынан Катардағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, «Атамекен» ҚР ҰКП, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы және Катар тарапынан Катар Сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырды.

Бизнес форум аясында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров бастаған қазақстандық делегация Қазақстанның инвестициялық жобаларын ұсынды. Сондай-ақ, қазақстандық өнімнің (соның ішінде ауыл шаруашылық және азық-түлік өнімдерінің 90%-ы Катарға сырттан келеді) экспорттық әлеуетін таныстырды.

Сондай-ақ, қазақстандық делегация Катар Әмірінің қамқорлығымен өтіп жатқан «Катарда жасалған» көрмесіне қатысып, онда ұлттық стенд ұйымдастырды.

Көрме алаңында ҚР Сыртқы сауда палатасы мен Катар Сауда-өнеркәсіп палатасы арасында және Қазақстан Республикасы мен Катар мемлекетінің арасындағы іскерлік кеңесті құру туралы меморандумға қол қойылды. Ондағы мақсат – екі елдің сауда-инвестициялық ынтымақтастығын дамыту.

Сонымен қатар, Форум аясында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров пен Катардың экономика және сауда министрі - Катар тарапының тең төрағасы Шейх Ахмед бен Джасим әл-Танидің кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Екі ел арасындағы сауда әріптестігін дамыту жолдары ұсынылды. Катардың бизнес өкілдеріне еліміздің агроөнеркәсіптік кешені, энергетика, инфрақұрылым, көлік және логистика сияқты әлеуетті секторларындағы инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға мемлекеттік қолдау ұсынылды. Бұдан бөлек, Катар жекешелендіру бағдарламасы мен МЖӘ-ге қатысуға қызығушылық танытты.

Сондай-ақ, бизнес форум аясында ҚР инвестициялар және даму вице-министр Е. Хаиров Alfardan Group президенті Омар Әл-Фарданмен кездесті.

«Alfardan Group» компаниялар тобы Парсы шығанағы аймағындағы жетекші отбасылық конгломераттардың бірі болып саналады. Альфардан тобы зергерлік бұйымдар, валюта айырбастау, жылжымайтын мүлік, автокөліктерді сату, қонақ үй және мейрамхана бизнесі, теңіз өнеркәсібі мен инвестицияларға байланысты өндірістерді қамтитын әртүрлі портфельде жаңа бағыттар жасайтын премиум-сервис стандарттарына бағдарланған.

Компания басшылығына инвестиция тарту бойынша мемлекеттік қолдау шаралары және бірқатар перспективалы жобалар ұсынылып, компанияны жекешелендіру бағдарламасына қатысуға шақырды. «Альфардан Групп» туристік объектілерді салу, сервистік қызметке инвестиция салу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту сияқты салаларда өз қызметін дамытуға мүдделілік танытты. 

Қайнар көзі: primeminister.kz

Желілерде бөлісу:

  • 4574