«НҰР-СҰЛТАН» ШЕКАРА КЕМЕСІ ТЕҢІЗГЕ ЖІБЕРІЛДІ

Бүгін еліміздің теңіз қақпасы саналатын Халықаралық Ақтау теңіз портында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов «Нұр-Сұлтан» шекара кораблі экипажына салтанатты түрде әскери-теңіз шекара туы мен кеменің құрметті атауын тапсырды.

206 борт нөмірлі бұл жоба ҚР Президентінің Жарлығымен 2018 жылы жасалынған. Заманауи гидроакустикалық жүйемен жабдықталған кеме тек Мемлекеттік шекараның Каспий теңізінің үстін ғана емес, су астын да күзетіп, мұнайгаз кешендерінің қауіпсіздігін де сенімді түрде қамтамасыз ете алады.

Кәрім Мәсімов өз сөзінде әскери қызметшілерді атаулы оқиғамен құттықтап, олардың ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қосқан үлестерінің маңыздылығын атады, мемлекетіміздің теңіз шебін қорғауда жаңа жетістіктер тіледі.

Сонымен қатар, облыс әкімі Серікбай Трұмов бүгінгі шараның еліміз үшін маңыздылығын атап өтіп, шекара қызметкерлеріне мемлекетіміздің шекарасын берік ұстауға қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.

- Ел Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Отанына адал, кәсіби тұрғыдан дайындалған офицерлері мен әскери қызметшілері бар армиямыз жаңа геосаяси жағдайларда ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қатерлерге тойтарыс беруге дайын болуы керек» - деп шегелеп айтқан болатын. Сонымен бірге әскери қызметтің беделін арттырып, Қарулы Күштердің материалдық базасын нығайту қажеттігін атап өтті. Бүгінгі шара сол игі істердің бастамасы болып отыр, - деді аймақ басшысы. 

Қайнар көзі: mangystau.gov.kz

Желілерде бөлісу:

  • 6142