Ақтауда су сүзгіштерін шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды

Ақтауда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында су тазарту сүзгілерін шығаратын жаңа өндіріс іске қосылды. Жоба импортты алмастыруға және отандық өнім үлесін арттыруға бағытталған.
Жобаны «Аква Фильтер» ЖШС жүзеге асырып отыр. Жаңа өндіріс өңір үшін маңызды бастамалардың бірі саналады. Ол су ресурстарын тиімді пайдалануға және тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Өндірістің жылдық қуаттылығы 160 мың сүзгіш элементті құрайды. Жобаның құны – 100 млн теңге, ал жоспарланған жылдық өндіріс көлемі 617,5 млн теңгеге жетеді.
Сүзгіш элементтер тұрмыста, медицинада және мұнай-газ саласында қолданылады.
Қазіргі таңда кәсіпорында 15-тен астам жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндірісте пайдаланылатын негізгі шикізат – отандық өнім. Полимерлік гранулалар Атыраудан жеткізіліп, Ақтауда өңделеді.
«Аква Фильтер» ЖШС басшысы Амангелді Тасқымбаевтың айтуынша, арнайы экономикалық аймақта кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасалған.
— Президенттің отандық өндірушілерді қолдау және инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы саясатының нәтижесін сезініп отырмыз. Арнайы экономикалық аймақта кәсіпорындарға бірқатар салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Бүгінде біздің кәсіпорын өңірдегі су сүзгіш элементтерін шығаратын жалғыз өндіріс орны. Қуатымыз тәулігіне 4 мыңнан астам өнім шығаруға жетеді, — деді ол.
Алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, биыл жалпы құны 158,6 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба іске қосылады. Бұл 1800-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда өнеркәсіп, логистика, туризм және инфрақұрылым бағыттарындағы нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, қажетті өндірістік жабдықтар кезең-кезеңімен жеткізілуде. 

Желілерде бөлісу:

  • 3