Нұрлыбек Нәлібаев Маңғыстаудағы стратегиялық нысандардың жұмысымен танысты

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Үкімет басшысының тапсырмасымен Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі стратегиялық маңызы бар өндірістік, энергетикалық, көлік-логистикалық және туристік нысандардың жұмысымен танысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әуе хабтарын белсенді дамытып, олардың жаһандық логистика тізбегіне кірігуін қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Бұл мақсаттағы, яғни әуежай инфрақұрылымын және ішкі тасымалдарды дамытудағы кешенді жұмыстар Үкімет басшысының бақылауында.

Сапардың алғашқы нысаны “Ақтау теңіз порты” арнайы экономикалық аумағында орналасқан Ақтау халықаралық әуежайы болды. Мұнда әуежай базасында мультимодальды логистикалық және авиациялық хаб құру жобасы таныстырылды. Кешенде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу, әуе жүктерін тасымалдау, мамандар даярлау және логистикалық қызметтерді бір алаңға шоғырландыру көзделген. Жоба іске асырылғаннан кейін 3,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Бірінші вице-премьер «Кендірлі» әуежайының құрылыс барысын да көрді. Қазіргі таңда нысандағы құрылыс-монтаждау жұмыстарының жалпы орындалу деңгейі 49 пайызға жетті. Әуежайдың ұшу-қону жолағының ұзындығы 2 200 метр, ені 35 метр, жолаушылар терминалы сағатына 150 адамға дейін қызмет көрсетуге есептелген. Қазір ұшу-қону жолағы, перрон, рульдеу жолы, периметрлік қоршау және кірме жол, сондай-ақ жолаушылар терминалы мен инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде. Әуежайды биыл жыл соңында пайдалануға беру жоспарланған.

Көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері Ақтау теңіз сауда порты, Құрық порты және Ақтау халықаралық контейнерлік хабының қызметін таныстыру кезінде қаралды. Ақтау портының жылдық өндірістік қуаты 11,8 млн тонна, Құрық портының өткізу қабілеті 6 млн тонна, ал Ақтау халықаралық контейнерлік хабының жобалық қуаты жылына 240 мың жиырма футтық эквивалент контейнерге жетеді. Оның бірінші кезеңі 2026 жылғы наурызда пайдалануға берілді. Аталған нысандардың дамуы Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын ұлғайтуға және Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған.

Сонымен қатар сапар барысында Жаңаөзен қаласында салынып жатқан жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы, Ақтау қаласында салынып жатқан «Нұр» санаторлық-сауықтыру кешенінің жобасы да таныстырылды. «ҚазАзот» АҚ-ның өндірістік қызметі мен кәсіпорынды одан әрі дамыту, Ақтау қаласындағы аммиак-карбамид кешенінің құрылысы жобаларына назар аударылды.

«МАЭК» ЖШС-нің жұмысы мен алдағы жылыту маусымына дайындығы қаралды.

Маңғыстау және Бейнеу теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту барысы да тексерілді.

Сапар қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен кәсіпорын басшыларына стратегиялық жобаларды белгіленген мерзімде және сапалы іске асыру, өндірістік қуаттарды тиімді пайдалану, сондай-ақ өңірдің энергетикалық, көлік-логистикалық және туристік инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берілді. 

Желілерде бөлісу:

  • 337