Келер айда Ақтауда бір мезгілде 1000 адамды қабылдай алатын ірі туристік кешен ашылады.
Мұнда наурыз айынан қара күзге дейін Каспий суына түсіп, құмына қыздырынуға болады. Кешендегі аквапарк пен ашық бассейндерге құйылатын теңіз суы арнайы құрылғының көмегімен жылытылады.
Орталық іске қосылған соң жергілікті 750 тұрғын жұмыспен қамтылады. Кешен отандық туризмді дамытуға да зор үлесін қоспақ. Мамандардың болжамынша, аймаққа келетін саяхаттаушылар қатары 1,5 есеге артады.
Ақтаудан 20 шақырым жерде бой көтерген туристік кешеннің құрылысы қызу жүруде. Нысанды мерзімінде аяқтау үшін мұнда қазір 1600 адам күн-түні еңбек етіп жатыр. Өткен жылдың күзінде басталған құрылыстың 80% бітіп тұр.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Әдетте күз бастала Каспий теңізінің суы суып кетеді. Осыған орай теңіз жағалауынан 50 метр жерде аумағы 7 мың шаршы метрді құрайтын бассейн салып жатыр. Бұл жерде теңіз суы 27 градусқа дейін жылытылады. Осылайша қала тұрғындары мен қонақтары 3 ай ғана емес, 6 ай бойы теңіз суына түсе алады.
Мұнда сондай-ақ еліміздегі ең үлкен аквапарк салынып жатыр. Биіктігі 22 метр болатын нысанда 40-қа жуық аттракцион жұмыс істейтін болады. Жағалауды жасыл желекке бөлеу үшін Италия мен Түркиядан жүздеген түп экзотикалық ағаш әкелінді.
Тархан Алпай, жоба жетекшісі:
- Кешеннің жалпы аумағы – 15 гектар. Басым бөлігі түрлі аттракциондары бар аквапарк пен бассейндерге бағытталады. Мұнда 500 бөлмесі бар 5 жұлдызды қонақүй бой көтеруде. 7 бірдей теннис корты мен футбол алаңы салынып жатыр. Дмалушыларға халықаралық деңгейде қызмет көрсетіледі.
4 кезеңнен тұратын ірі туристік кешеннің алғашқы бөлігі маусым айының соңында ел игілігіне беріледі. Жобаға 60 млрд теңгеден астам инвестиция құйылды. Жобаны іске асырушылар туристік кешенде жұмыс істейтін мамандарды даярлау ісіне орай облыс әкімдігімен келісім жасады.
Бекбол Орынбасаров, «Ақтау теңіз порты» АЭА басқармасының басшысы:
- Жергілікті Маңғыстау туризм колледжінде мыңнан аса адам оқып шықты. Қазіргі таңда 320 адам онлайн режимде оқып жатыр. Келешекте 200-дей адам Дубайда, Абу-Дабида тәжірибеден өтеді. Мұның әкелетін эффектісі өте жоғары. Себебі жағажайды дамытуға үлкен үлес қосады. Бұрынғыдай шет елдерді ғана аралап қоймай, енді өз еліміздегі туристік орындарға баруға мүмкіндік туады. Жергілікті туризм дамиды. Біріншіден, жұмыс күші, екіншіден, бюджетте салық мәселесі шешіледі деп ойлаймын.
Ақтаудағы жылы жағажайға демалу үшін жыл сайын 200 мың саяхаттаушы келеді. Жаңа туристік кешен іске қосылған соң оның саны 1,5 есеге артады деген үміт бар. Қазір облыс орталығы Ақтаудан кешенге дейін еш кедергісіз жету үшін жаңа жол төселіп жатыр.